Павлодар облысының Аққулы ауданында қола дәуірінің қыш құмырасы табылды


Аққулы ауданының Жамбыл ауылдық округінде қыштан жасалған құмыра табылды. Тарихи жәдігердің суреттері Аққулы ауданының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

— Қыркүйек айының ортасында аудандық орталық аурухананың тіс дәрігері Дархан Қалиев балық аулауға барған болатын, — дейді ішкі саясат бөлімінің маманы Аманжол Еренұлы. – Сол кезде Ертіс өзенінің жағасында бір зат көзіне түскен. Жақсылап үңілген кезде су шайып тастаған топырақтың астында жатқан қыш құмыра екеніне көзі жетеді. Ол дереу бізге қоңырау шалып, табылған дүниені аудандық ішкі саясат бөліміне тапсырды. Біз өз тарапымыздан археолог, тарихшы, өлкетанушы Виктор Мерцке хабар бердік.

Өңірдегі белгілі археолог-зерттеуші Тимур Смағұловтың айтуынша, қыш ыдыс қола дәуірінің Андронов мәдениетіне жатады. Бұған дейін Жамбыл ауылдық округінде бірнеше рет қола дәуіріне тиесілі қорымдар табылған.

— Бұл кездейсоқ табылған зат емес, — дейді Тимур Смағұлов. — Мұндай дүниелерді тауып алған кезде мәдени мұраны сақтап қалу үшін заңға сәйкес жергілікті атқарушы органға немесе мұражай қызметкерлеріне хабарласқан дұрыс. Себебі, мұндай жәдігерлердің астарында ғылымға беймәлім сыр жасырынып жатуы мүмкін. Сондықтан табылған дүниені әрі қарай зерттеу қажет.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы