Павлодар облысының Ақсу қаласында 16 көп балалы отбасыға пәтерлер берілді

Жеке тұрғын үй шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген екі пәтерлі тұрғын үйлерге 16 көп балалы отбасы қоныстанды. Әр пәтер орталықтандырылған жылу және су желілеріне қосылған.

Жаңа пәтерлерге бұған дейін туыстарының үйінде тұрып келген немесе пәтер жалдаған көп балалы отбасылар қоныстанды.

— Мен жалғыз өзім төрт бала тәрбиелеп отырмын. Бұған дейін Ақсуда екі бөлмелі пәтер жалдап, оған ай сайын 30 мың теңге мен коммуналдық шығындарды төлеп келдім, — деп еске алады Мария Жаринова. – Қиын болды, пәтердің аумағы да таршылық ететін еді. Жаңа үйіміз кең, ең бастысы, жылы екен.

Жеке тұрғын үй ауданында барлығы 28 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әр пәтердің аумағы 80 шаршы метрге жуық. Үйлердің құрылысын бес мердігер ұйым жүргізді. Алдағы уақытта тағы да бірнеше үй пайдалануға беріледі. Шағын ауданда көшелерді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде мұнда 300 жарық бағандары орнатылып, олардың жиырмасы электр желісіне қосылды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге жүктеген басты міндеті – адамдарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету, — деді үйлердің ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы Болат Бақауов. – Қысқа мерзімде сапалы үйлер салып берген құрылысшылардың еңбегін жеке атап өткім келеді. Бәріңізді келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Жаңа үйлеріңіз жайлы қонысқа айналсын.

Әлихан Рахметоллаұлы