Павлодар облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер елордадағы жәрмеңкеге 500 тонна өнім апарады  

Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі астаанда 14-15 қыркүйек күндері өтеді.

Павлодар облысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Тұран даңғылы, 37 мекенжайы бойынша орналасқан «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының автотұрағында өтеді.  

Жәрмеңкеге өңірдің сексеннен астам ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары қатысады. Олардың қатарында «Рубиком», «МолКом», «Смак», «КЭММИ», «Галицкое», «Крендель», «Ақжар-Өндіріс» ЖШС-тері мен «Сағып» шаруа қожалығы бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев жәрмеңкеге жалпы құны 160 миллион теңгені құрайтын 500 тонна өнім апарылатынын айтты.

— Біздің облыстың ауыл шаруашылығы өнімдері елорда тұрғындары арасында сұранысқа ие, — деді Төлеген Көшербаев. – Жәрмеңкеде 60 тонна ет және ет өнімдері, 20 тонна сүт өнімдері, 35 тонна макарон бұйымдары, сондай-ақ, 240 тонна картоп пен 145 тонна көкөністер мен бақша өнімдері сатылымға шығарылады.

Айта кету керек, Павлодар облысы осы жылы астанада екінші рет жәрмеңке өткізіп жатыр. Нұ-Сұлтандағы Павлодар облысының келесі жәрмеңкесі қазан айында өтеді.

 

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы