Павлодар облысының Ертіс ауданында жеті мың гектарға жуық жер суармалы егіншілікке беріледі
Ертіс ауданының «Абай» ЖШС, «Замандас» ШҚ, «Данат» ШҚ, «Талапкер» ШҚ және «Оразбаев» ШҚ сынды бес ірі шаруа қожалықтары суармалы алқаптарды игермек. Суармалы егіншілікті дамыту мәселесі облыс әкімі Болат Бақауовтың Ертіс ауданына жасаған жұмыс сапары барысында талқыланды.
Foto Valeriy BUGAYEV6640 гектарлық алқап Ертіс өзенінен бір шақырым аумақта орналасқан. Бұл үздіксіз су беруге қолайлы.
— Облысымызда басқа дәл осындай жер телімі жоқ, — деді өңір басшысы. – Суға жақын болғанымен қоса, әр суарушы машинаға дәстүрлі дизельдік станциядан бас тартып, электр жалғауға болады. Тоққа қосылғаннан кейін шаруалар дизельдік отыннан, оператор жалдаудан, станцияның қызмет көрсету құнынан үнемдейді. Көрші Ақтоғай ауданында суармалы егістіктің қалай дамып жатқанына назар салыңыздар. Ол жерде 1 гектардан 500 центнер картоп алуда. Дәл осындай өнімділікке Ертіс ауданында да қол жеткізуге болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін өзеннен алқапқа дейін 24 шақырым және шаруа қожалықтардың ішінде 40 шақырымнан астам магистраль тарту керек. Егіншілерге әр сұрақ бойынша мемлекеттік көмек көрсетілетін болды. Қазіргі кезде суландыру жүйесінің жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Алайда, облыс әкімі жобаны 2019 жылғы қаржыландыруға енгізіп үлгеру үшін бұл істі жылдамдатуды тапсырды.
Әлихан Рахметоллаұлы