Павлодар облысының фермерлері Өзбекстанға 11 мың тонна картоп экспорттады

2018 жылы өңірде ауыл шаруашылық өнімдері бойынша эскпорт көлемі артқан. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марлен Оспанов мәлім етті.

— Өңірімізде былтыр 146 мың тонна өнім экспортталған, — деді Марлен Оспанов. – Экспорттың басым бөлігін бидай құрайды. Биыл экспорттың 33 пайызын – бидай, 20 пайызын – картоп алды. Жыл басынан бері Қытайға 9 мың тоннадан астам майлы дақылдар жіберілсе, «Абай» шаруа қожалығы  Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін экспорттады. Экспорттың көбі Орталық Азия елдеріне асырылады. Атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен қатар Ресей, Ауғанстан, Грузия мемлекеттері бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Айдана Бейсекееваның айтуынша, павлодарлық картоп Ресейде жоғары бағаланады.

— Биыл 509 тоннадан астам картоп жиналды, — деді Айдана Бейсекеева. – Өнімділік гектарына 292 тоннаны құрады. Ресейде біздің картопқа деген сұраныс жоғары. Жыл басынан бері 1,5 тонна картоп жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 10 мың тонна жіберу жоспарлануда. Жалпы картопты Ресей күз айларында алса, ақпан-наурыз айларында Өзбекстан алады. Осы жылы Өзбекстанға 11 мың тонна экспортталды.

Сонымен қатар, бақша дақылдарының 80 түрін өсіретін «Қайрат» шаруа қожалығы Ресейге 188 тонна қарбыз жөнелткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда экспорт 10-15 пайызға өскен.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы