Павлодар облысының шаруалары астық жинау науқанына кірісті
Павлодар облысының шаруалары астық жинау науқанына кірісті. Облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде астық жинау науқанын табысты жүргізу мәселесі талқыланды.
Аппарат кеңесінде баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков ағымдағы жылы астық 1,097 миллион гектар алқаптан жиналатынын хабарлады. Олардың ішінде 785 мың гектар дәнді дақылдарға тиесілі.
— Қазірдің өзінде 7,8 мың гектар алқапта дәнді дақылдар жиналды, — деді ол. – Дәнді дақылдардың болжалды жалпы өнімі 794 мың тоннаны құрайды. Астықтың орташа шығымдылығы – гектарынан 10,1 центнер. Астықтың ең жоғары шығымдылығы Шарбақты ауданында тіркелді. Мұнда бұл көрсеткіш гектарынан 17,5 центнерді құраса, ең төмен көрсеткіш Тереңкөл ауданында – гектарынан 8,6 центнер.
Сондай-ақ, Ертіс өңірінің фермерлері картоптың ерте жетілетін сұрыптарын жинауды да бастады. Қазіргі таңда 20 мың тонна картоп жиналса, жалпы алғанда, биыл 580 тонна картоп жинау жоспарланған.
— Картоптың бағасын тұрақтандыру мақсатында жиналған өнімді қорға жинау мәселесімен айналысу қажет, — деді облыс әкімі. – Шаруаларға жиналған картопты өзге өңірлерге сату бойынша қолдау көрсетуміз тиіс.
Әлихан Рахметоллаұлы