Павлодар облысының Тереңкөл ауылында жеті көшеге жөндеу жүргізілді

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аттас ауданның орталығы — Тереңкөл ауылының жеті көшесін жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 120 млн және аудандық бюджеттен 46 млн теңге бөлінген болатын.

 

— Әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жобаның шеңберінде аудан орталығындағы жолдар жөнделіп, көше шамдары орнатылып жатыр, — деді Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Азамат Маңғытов. — Елгин, Тәліпов, Аймауытов, Байтұрсынов, Панфилов, Тезекбаев және Жеңіс көшелерінің жолдарына қиыршық тас төселіп, асфальт жасалды. Кей көшелерде бұған дейін мүлдем асфальт болған жоқ еді. Мердігер ұйым – «ГорДорСтрой» ЖШС-і жөндеу жұмыстарын тамыздың ішінде аяқтады.

Сонымен қатар, жоба шеңберінде «Сити Трей-ПВ» ЖШС-і Сұрағанов, Федоровская, Базарная және Тәуелсіздік көшелерінде 111 көше шамдарын орнатты.  Шамдар әр 30 метр сайын он метрлік цинктелген бағандарда жарық диодты шамдар орнатылды.

— Бұрын шамдар бір-екі жерде ғана орналасқан боалтын, — деді Азамат Маңғытов. – Жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеуге аудандық бюджеттен 73 млн теңге бөлінді. «Бонус-Строй» ЖШС-і Тәуелсіздік, Елгин және Панфилов көшелерінде төрт километр жолдарды жөндеді.

Жөндеу жүргізілген көшелерде мектеп, бала бақша, Мәдениет үйі орналасқан. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қонысбай Тағамбаев жаяу жүргіншілер жолдары әсіресе балалар мен қарт адамдар үшін өте қолайлы екендігін айтады.

— Көшелерге шамдар орнатылып, асфальт төселді. Бала бақша мен мектеп орналасқан көшелерге көңіл бөлінгені қуантады. Аудан орталығының өңі кіріп, көшелеріміз абаттана түсті, — дейді зейнеткер.

Айта кету керек, Тереңкөл ауылында 8300 тұрғын бар.

Әлихан Рахметоллаұлы