Павлодар облысының төрт ұстазы республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанды


Астанада «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Ертіс өңірінің ұстаздары да құрметке бөленді. Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, ұстаздар қауымын ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттықтады.

Республика бойынша 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогы» төсбелгісі, куәлік және 1000 АЕК сомасында сыйақы табыс етілді. Министрдің қолынан марапат алған ұстаздардың бірі — Баянауыл ауданының Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатының химия пәні мұғалімі Салтанат Досмағамбетова.

— Салтанат Досмағамбетова байқауға химия пәні бойынша қатысты, — дейді аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинеттің басшысы Гүлнар Нұртаева. – Ол 2018 жылы педагог-зерттеуші ретінде біліктілік санатын арттырған ұстаз. Еңбек өтілі 22 жылды құрайды. Байқау барысында ұстаздар мен оқушылардың облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері сарапқа салынған. Аталмыш байқауда үш жыл бойы бағын сынап келеді. Салтанат Сейітжанқызы – облыстағы ауылдардың арасында республикалық байқауда үздік педагог ретінде топ жарған алғашқы ұстаз. Ол химия пәні бойынша 8-10 сыныптарға арналған «Экология», «Химиядағы билингвистика», «Ерітінділер химиясы» атты авторлық курстардың авторы. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның кіші грант иегері. 2013 жылдан бастап химия пәні мұғалімдерінің облыстық шығармашылық тобының белсенді мүшесі. Шәкірттері республикалық экологиялық олимпиадасында «Білімге құштарлық» номинациясының иегері, республикалық экологиядан бизнес жобалар конкурсының І орын иегері. Сондай-ақ, химия пәнінен облыстық және Халықаралық Сәтбаев олимпиадасының жүлдегерлерін дайындайды.

Айта кету керек, биыл республикалық «Үздік ұстаз-2018» байқаудың аудандық және қалалық турларына 3 864, облыстық турларға 710 педагог қатысқан. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп.

Сонымен бірге, конкурс нәтижесі бойынша үздік атанған Павлодар қаласындағы № 29 «Мерей» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Алина Терёшкина, №16 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Жанар Жақсылықова және Ақсу қаласы Жаяу Мұса колледжінің арнайы пәндер ұстазы Надежда Боролис марапатталды.

Әлихан Рахметоллаұлы