Павлодар облысының үш басқармасына жаңа басшылар тағайындалды
Бауыржан Қапенов ақпарат және қоғамдық даму басқармасын, Ернұр Дәуенов мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасын, ал, Аслан Орманов мемлекеттік сатып алулар басқармасын басқаратын болды. Жаңа басшыларды облыс әкімдігінде өткен жиналыста аймақ басшысы Болат Бақауов таныстырды.
Ақпарат және қоамдық даму басқармасы ішкі саясат, дін істері және жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаларды біріктіру арқылы қайта құрылған болатын. Дәл осылайша мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы да біріктіріліп, бір басқарма болып қайта құрылды.
Ақпарат және қоғамдық даму басқармасына бұған дейін облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Қаенов басшы болып тағайындалды. 2011-2015 жылдары Бауыржан Қапенов облыстық ішкі саясат басқармасын басқарғанын атап өту керек. Ол 1963 жылы туған. Екі жоғары білімі бар, 1985 жылы Павлодар педагогикалық институтын «Математика және физика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 1997 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің экономика және инженеринг институтын «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша аяқтады.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасының басшысы болып бұған дейін екі жыл облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік жасаған Ернұр Дәуенов тағайындалды. Ернұр Дәуенов 1988 жылы дүниеге келген. 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Археология және этнология бакалавры», 2012 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін «Экономика және бизнес», 2015 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «Биология» мамандығы бойынша аяқтаған. Гуманитарлық ғылым магистрі.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы болып, бұл лауазымға меритократия принципі бойынша Аслан Орманов тағайындалды. Ол бұған дейін осы басқармада мемлекеттік сатып алулар бөлімін басқарған еді. Аслан Орманов 1981 жылы дүниеге келген. 2002 жылы Алматы экономика және статистика институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы, 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңтану» мамандығы бойынша аяқтаған.
Әлихан Рахметоллаұлы