Павлодар облысының жұмыс сапарымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі келді
Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров келді. Сапар аясында министр облыс əкімі Болат Бақауовпен бірге өңірдің агроөнеркəсіптік кешенінің дамуы мен күзгі жиын-терім науқанының барысымен танысты.
Бірінші кезекте Сапархан Омаров пен Болат Бақауов Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС шарушылығының тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрді. Мұнда биыл желтоқсан айында құрылысы аяқталатын 1000 бас ірі қара малға арналған тауарлы сүт фермасын бой көтеруде. Бұл мақсатқа кəсіпорынға 300 миллион теңге несие берілді. Шаруашылық Чехиядан 218 бас симменталь тұқымды сиырлар əкеп үлгерді. Жыл соңына дейін оларға қосымша тағы 190 сиыр сатып алынады. Қалған 592 бас ірі қараны кəсіпорын өздерінде бар мал есебінен толтырмақ.
Əрі қарай Ауыл шаруашылығы министрі мен өңір басшысы Тереңкөл ауданындағы «Astyk PV» ЖШС жəне Железин ауданындағы «Пахарь» ШҚ кəсіпорындарында болды. Айталық, «Пахарь» ШҚ 4500 бас асыл тұқымды ангус сиырларына арналған репродуктор мен 10000 бас ірі қараға шақталған бордақылау алаңын салуда.
Сондай-ақ жұмыс сапары кезінде Сапархан Омаров пен Болат Бақауов Ақсу қаласының маңында орналасқан ауылдарды жəне сол жердегі бірқатар шаруа қожалықтарын аралап шықты. Солардың бірі Евгеньевка ауылдық округіне қарасты көкөніс өсірумен айналысатын «Тимур ШҚ» ЖШС. Жалы аумағы 1,5 мың гектар шамасындағы егістік алқапқа ие шаруашылық өнімі облыс тыс өңірлерде де сұранысқа ие.
2011 жылы 13 мың тонналық көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Шаруа қожалығының басшылығы кəсіпорын жұмысында заманауи технологияларды енгізуге ерекше мəн береді. Мұнда облыста алғашқы болып жаңбырлатып суарудың Wallei маркалы қондырғы сатып алынды. 2014 жылы «Тимур» шаруа қожалығында сəбіз бен картопты өңдеу, жуу мен қаптау технологиялық линиясы іске қосылды. Германияда шығарылған бұл құрал-жабдықтарды сатып алуға бір миллион еуро жұмсалды. Министр аталған шаруашылықты аралап шығып, мұндағы картоп өндіруші кәсіпорындар басшыларымен сұхбаттасып, сауалдарына жауап берді.
Айталық, «Дәнекер ШҚ» ЖШС басшысы Қайрат Әбішевті картоптың асыл тұқымды дәндерін қолдану және көкөніс қоймасының құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі толғандырды. Сапархан Омаров шаруаларға аталған бағыттарға бөлінетін мемлекеттік қолдауды жалғастыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Сапархан Омаров пен Болат Бақауов Ақсу қаласының маңында орналасқан тағы бір шаруа қожалығына ат басын бұрды. Ол үш бағытта жұмыс істеп жатқан «КронАгро ШҚ» ЖШС. Шаруашылық басшысы Дидар Бейсенбаев айтып кеткендей, жобаның жалпы құны 5,7 миллиард теңге.
— Бүгінде 1200 гектар алқапты суармалы егістік, 12 мың тонна картоп сақтайтын голландтық және неміс технологиясы бойынша салынған қойма жобаларын жүзеге асыру аяқталды, — дейді Дидар Бейсенбаев. – Одан бөлек, шаруашылығымыз 1200 бас голштин тұқымды ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын салуда. Ол келесі жылы іске қосылады. Қазіргі кезде бізде 77 адам жұмыс істесе, жобаларымыз толығымен жүзеге асырылғанда тағы 60 адам жұмыспен қамтылады. Ауыл шаруашылығы министрінің өңірдегі жұмыс сапары Екібастұздағы «Қазтомат» жылыжай кешенінің жұмысымен танысумен аяқталды.
Ақпарат және суреттер «Pavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды