Павлодар шыбын-шіркеймен қалай күресуде?
Облыстық әкімдікте шыбын-шіркейге қарсы дезинфекциялау жұмыстарға дайындық пысықталды. Энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Ержан Иманзаиповтың сөзінше, биылғы жылы өңірде шыбын-шіркейдің алдын алу мақсатына 602 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 22 миллионы мемлекеттік сатып алудан кейін үнемделген ақша болып табылады.
Бүгінгі күні барлық мердігерлермен келісімшарт жасалды және биологиялық және химиялық препараттардың қажетті көлемі сатып алынып қойды. Басқарма басшысының айтуынша, 200 мың литр «Бактицид» биопрепаратына шамамен 499 миллион теңге жұмсалса, 29 миллион теңгеге 4,5 мың литрге жуық «Аверфос» химиялық препараты сатып алынған. Өңдеу жұмыстары жерде, суда және ауада жүргізіледі. Биылғы жылы тазалық жүргізілетін жер көлім 16 мыңнан 20 мың гектарға ұлғайтылды. Шыбын-шіркеймен күрес үрдісін арнайы ғылыми топ бақылауында ұстайды.
– Бүгінгі күні ғылыми бақылау тобы қансорғыш жәндіктермен күрес іс-шарасы мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жайлылығын қамтамасыз ету үшін жоспар-кесте құрады, Одан бөлек, наурыз айынан бастап ғылыми топ дернәсілдің түр құрамын, тығыздығын және даму деңгейін анықтау үшін субстратты зерттеуге алады, — деді Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Е.Иманзаипов.
Осы жылы облыс қалалары мен аудандарындағы дезинфекциялау жұмыстары жергілікті бюджеттің есебінен жүргізілетін болады. Алайда қажетті препараттарды жеткізу мен дезинфекция жұмыстарын жүргізу бойынша конкурс әлі де кейбір аудандарда аяқталған жоқ.
– Осы жұмыстарды аяқтау үшін сіздерге бір тоқсан уақыт жеткіліксіз болды ма? Меніңше, сіздер ағымдағы мәселелерді мүлдем қадағаламайтын сияқтысыздар. Сіздердің препараттарыңыз бен өңдеулеріңіз 20-шы мамырдан кейін кімге керек болады? Қаражат бөлінді, бірақ сатып алулар жүргізілмейді, — деп сынға алды облыс әкімі Болат Бақауов.
Шыбын-шіркеймен күресуде жоғарғы Ертістің су қоймалары каскадынан су жіберудің маңызы зор болып келеді. Ертіс алаптық инспекциясы мәлімдегендей, өткен жылы Ертіске жіберілген су мөлшері 7,63 текше километрді құраса, биыл бұл көрсеткіш 6,15 текше километрді құрайды және өзен 14 мамырға дейін өз арнасына түсетін болады.