Павлодар және Екібастұз қалаларының әкімдері ауысты
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бірінші орынбасары болып қызметін ауыстырған Қайрат Нүкеновтің орнына кеншілер қаласын бұған дейін облыс орталығының әкімі болған Нұржан Әшімбетов басқарады. Ал, оның орнына бұған дейін Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласының әкімі болған Әнуар Күмпекеев келді.
Аймақ басшысы Болат Бақауов жаңа басшыларды Екібастұз және Павлодар қалаларының активтеріне таныстырды. Екеуінің де кандидатурлары ҚР Президенті Әкімшілігімен келісіліп, жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауына ие болды.
Болат Бақауов Екібастұз қаласының жаңа әкіміне инвестициялар тартып, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуды тапсырды. Сонымен бірге, Нұржан Әшімбетов Екібастұздағы «сақалды» құрылыс — отын-энергетика кешені үшін мамандарды даярлайтын оқу орталығын қайта құруды аяқтауы тиіс.
Нұржан Әшімбетов Павлодар облысының тумасы. Алматы зооветеринарлық және Алматы экономика және статистика институттарын зооинженер және бухгалтер-экономист мамандықтары бойынша аяқтады. Еңбек жолын Мемлекеттік мүлік жөніндегі Павлодар облысы бойынша аумақтық комитеттің маманы болып бастады. 1997-1999 жылдары өзінің туған Аққулы ауданында өндірістік кооперативтің төрағасы, агрофирма директоры болып жұмыс істеді. 1999-2008 жылдар аралығында Ақтоғай аудыны әкімінің орынбасары, Аққулы ауданының әкімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды. 2009-2012 жылдары Петропавловск қаласының әкімі, 2012-2016 жылдары Павлодар обылсы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
Облыс орталығының әкімі болып тағайындалған Әнуар Күмпекеев 1984 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 2005 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша аяқтап, 2007 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бредфорд университетінде экономикалық саясат магистрі дәрежесіне қол жеткізді. Түрлі кезеңде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы, маркетинг және коммерциялау департаменттерінде жетекші және бас маман, «ҚР Биотехнологиялар жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ың стратегиялық даму департаментінің директоры, «Қазақстандық ТҮКШ жаңғырту және дамыту» АҚ басқарушы директоры болып қызмет етті.
2012-2015 жылдары Степногорск қаласы әкімінің орынбасары болды. 2015 жылдың мамыр айында осы қаланың әкімі болып тағайындалды.
Жаңа әкімді қала активіне таныстырған облыс әкімі Болат Бақауов оған облыс орталығының инвестициялық тартымдылығын сақтап, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Павлодардағы «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарының құрылысын
жалғастырып, тұрғындарға сапалы үйлерді тапсыруды міндеттеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы Павлодар қаласының жаңа әкіміне алдағы жылыту маусымына тыңғылықты түрде дайындалу жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Әлихан Рахметоллаұлы