Павлодар жұрты Әшімбетовін еске алды
Қазақстанда кезінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болған Кемер Әшімбетовті білмейтін жұрт аз. Көзінің тірісенде Палодар облысында аграрлық сектордың дамуына айрықша үлес қосып, ауыл шаруашылығына тың жаңалықтар енгізді. Ол кісінің есімі әсіресе Солтүстік Қазақстан меринос қойларының жаңа тұқымын өндіруші ретінде тарихта қалды.
Кемер Қожахметұлы Павлодар облысының Лебяжі ауданында 1935 жылы дүниеге келіп, өзінің қысқа ғұмырын қазақтың ата кәсібін өрістетуге арнады, осы жолда тартынбай тер төкті, талмай қызмет етті. Өзінің қызметін Павлодар облысы Железинка ауданы Советтік Қазақстан кеңшарының бас зоотехнигі болып бастады. Одан кейін әр жылдары Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бастығы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Павлодар совхоз-техникумының директоры, Шарбақты аудандық атқару комитетінің төрағасы, Павлодар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Павлодар облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, еңбекшілер шаруашылығы қауымдастығының төрағасы, «Тұранбанк» облыстық басқармасының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы сыныды лауазымды қызметтерді атқарып, халқына адал еңбек қылған жан. Халық үшін тынымсыз тер төккен тұлғаның еңбегін елі ес тұтты, биліктегілер де жоғары бағалады. Сол еңбектің зейнеті ретінде бір рет«Еңбек Қызыл Ту» және үш рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
«Өмір бар жерде өлім бар» дейді дана халқымыз. Көзінің тірісінде халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен тұлға 1993 жылы небары 58 жасында ғана дүниеден өтті. Міне, содан бері ширек ғасырға жақын уақыт өтсе де, Әшімбетовтің есімін елі ұмытқан жоқ, өзі өмірден өтсе де артында қалдырған еңбегі елімен бірге жасап келеді. Бұған әке айбынын асқақтатып, салып кеткен дара жолымен жүріп келе жатқан ұрпағының да өте зор үлесі бар. Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов бастаған ұлдары жыл сайын қазақ күресінен Кемер Әшімбетовті еске алуға арналған республикалық турнирін ұйымдастырады. Игі дәстүрге айналған байрақты бәсеке биыл да жалғасын тапты. Лебяжі ауданында өткен бозт кілем шеберлерінің белдесуіне еліміздің бірқатар облысынан 100-ден астап палуан келіпті. Ұйымдастырушылардың бірі – Павлодар облыстық қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры, жарыстың бас төрешісі Дархан Жоламанов.
— Кемер Әшімбетовті еске алуға арналған дәстүрлі турнир биыл 22-ші рет өткізіліп отыр. Биылғы жарысқа Ақмола, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана қаласының ең мықты палуандары қатысты. Үш күнге созылған турнирде палуандар тоғыз салмақ бойынша күш сынасты. Басқа облыстан келген спортшылар арасында осалы жоқ. «Не бел, не белбеу кетеді» деп тұрған ылғай қара күштің иелері. Біздің Павлодардың намысын қорғаған жігіттер де жақсы күрес көрсетті, — дейді Дархан Жоламанов.
Турнир қорытындысы бойынша, 55 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын атыраулық Бекет Жүніске, екінші орын павлодарлық Арман Әкімбековке бұйырды. Ал, 60 келі салмақта ШҚО-дан келген Архат Қайырбеков бірінші орын алды. Бұл салмақта жерлесіміз Иманбек Әлкенов үшінші орынды қанағат тұтты. 74 келі салмақта белдескен палуандар арасында Павлодар облысының намысын қорғаған Мұхтар Дәлелхан жеңіске жетсе, 82 келіде Өскеменнен келген Аманбол Қабдуллаев жеңімпаз атанды. 90 келі салмақта бірінші орын атыраулық Руслан Ізғалиевке бұйырды. 100 және +100 келі салмақтарда Арман Қалиев (Атырау) пен жерлесіміз Дархан Қабдуллаевтан ешкім айласын асыра алмады. Ал, ең үлкен салмақтағы түйе палуандар белдесуінің жүлдесін де Арман Қалиев жеңіп алды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Тілеуберді Сахаба