Павлодарда қыз-келіншектер арасында Құран сайысы өтті

Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде қыз-келіншектерге арналған сауат ашу курстарының шәкірттері арасында Құран сайысы ұйымдастырылды. Орталық мешіт баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қыз-келіншектер арасында Құран жаттау және оқу сайысы жыл сайын өткізіліп келеді.

Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – қатысушылар Құранды қазақша мағынасымен бірге жаттауы керек. – Қатысушылар «Ясин», «Мүлік» сүрелерін және 22 сүрені жатқа айту аталымдары бойынша сынға түсті, – деді баспасөз қызметінде.

– Шараны мешіттің әйел-қыздар секторы ұйымдастырды. Барлық аталым қатысушыларына бір ғана шарт қойылды. Ол – Құран сүрелерін тажуид ережелеріне сай махрежбен дұрыс және жатқа оқу. Сонымен қатар, жаттаған сүрелердің қазақша мағынасын да айтып беруі керек. Сайысқа қала мешіттерінің 16 жастан асқан шәкірттері қатысты. Араларында зейнет жасындағы әжелер де болды.

Сайыстың ашылуына Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қатысып, Құран жаттаудың маңызы туралы уағыз айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазылар алқасының құрамында Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің ұстаздары Ақерке Тұрғынбай, Нұрилә Тілеуова, Жадыра Бердімұратова және Бижан мешітінің ұстазы Айдана Әбдімәжітқызы болды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Ясин сүресін жаттау» аталымында бірінші орынды «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірті Жамал Сәрсембаева жеңіп алды. Екінші орынды Бижан мешітінің шәкірті Алмагүл Мерканова иеленді.

«Мүлік сүресін жаттау» бойынша Бижан мешітінің шәкірті Ұмсынған Тұрғанбекова жеңіске жетті. Екінші орын Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің шәкірті Жадыра Нұрманға бұйырды. Үшінші орынды Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің шәкірті Айгүл Ақжолова еншіледі.

«22 сүре жаттау» аталымы бойынша жүлделі орындарды Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің шәкірттері иеленді. Атап айтқанда, Диана Қазымбаева бірінші орынды, екінші орынды Алмагүл Арстамханқызы, үшінші орынды Бақытжан Тілеубаева қанжығаға байлады. Барлық қатысушылар арнайы сертификатпен марапатталып, ақшалай сыйлықтар берілді. Сайысты тамашалауға келген көрермендер арасында викториналық сайыс ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар үлестірілді.

Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.