Павлодарда 200 орындық жаңа жатақхана ашылды

 

Павлодардағы жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде жаңа жатақхана пайдалануға берілді. 2019 жылдың мамыр айында бой көтере бастаған нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер – «Портал ПВ» ЖШС. Жатақхананың жалпы алаңы 4152 шаршы метрді құрайды.

Студенттер үйінің салтанатты ашылуына облыс әкімі Болат Бақауов қатысты. — Баршаңызды мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларыңызбен құттықтаймын!, Елбасы біздің алдымызға 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Біз 3 жылда колледждерде осындай 3 жатақхана салдық. Ата-аналар мен балалар бақытты деп ойлаймын. Осындай жағдай жасалып жатқандықтан, сіздерден білімде табыс күтеміз және белді маман боласыздар деп сенемін. — деді Болат Жұмабекұлы.

5 қабатты жатақхананың бөлмелері екі адамға арналған жиһазбен жабдықталған: кереуеттер, орындықтар, үстел, киім-кешекке арналған шкаф. Сондай-ақ жуынатын бөлмелер салынған. Бірінші қабатта теледидар, жұмсақ жиһазбен жабдықталған демалыс бөлмесі бар. Жертөлесінде заманауи спорт құралдарымен жабдықталған жаттығу және хореография залы орналасқан. Сонымен қатар, жатақхана электр пештері, тоңазытқыштары, микротолқынды пештер, үстелдер мен орындықтар бар тамақ дайындауға арналған бөлмелермен қамтылған. Болашақ тұрғындар заманауи жабдықтары бар кір жуатын орнын пайдалана алады. Колледждің 1-курс студенті Айдын Жұмабек жаңа жатақхананың кең екенін айтты. — Бұрын Сұрағанов көшесіндегі ескі жатақханада тұрдық, — дейді Айдын Жұмабек.

– Мына жатақхананың бөлмелері кең, жуынатын бөлмелері бар. Өте ыңғайлы. Барлық жағынан жағдай жасалған. Өзім темір құрылысында оқимын. Отбасымыз биыл Алматы қаласынан көшіп келген еді. Алматыдан келіп оқып жатқан балалар да бар. Павлодар ұнап жатыр. Бұған қоса, 32 орынға арналған дәмхана мен медбике кабинеті орналасқан медициналық орталық қарастырылған. Аулада арнайы жабындысы төселген баскетбол ойын алаңы бар. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өңірдегі 35 мемлекеттік колледждің 21-інде жатақханасы бар екенін атап өтті.

— Бүгін тағы бір жатақхана қосылып отыр. – Бұл өңіріміздегі ең ірі колледж болып табылады. Өндірісімізге қажетті мықты мамандарды шығарады. 5-6 айдың көлемінде 200 орындық жатақхана дайын болды. Қазіргі уақытта Ақсу қара металлургия колледжіне 200 орынды жатақана салу жоспарлануда. Педагогикалық колледжге қосымша жатақахана салу көзделген. Оған жер қарастырылуда. Қазіргі жатақханасында орын жетпейді. Өйткені түсушілер саны көп. Сондай-ақ өңіріміздегі оңтайландыру жұмыстарының нәтижесінде босаған ғимараттарда қайта жатақхана құру мәселесін қарастырудамыз — деді Дінислам Болатханұлы. Айта кетейік, жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің бұрынғы жатақханасы 75 орынға арналған. Жаңа жатақханаға 660 млн теңге қаржы жұмсалды.

Өз тілшіміз.