Павлодарда Абай мен Естайдың ескерткіші қойылады  

Болашақта Павлодар қаласында қазақтың бас ақыны Абайдың, әнші, композитор Естайдың ескерткіші орнатылса, бас қаламыз Нұр-Сұлтанда ғалым, академик және геолог Қаныш Сәтпаевтың мүсіні орнатылады деп жоспарлануда.

 

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

 

Павлодарлық белгілі мүсіншілер, суретшілер, археологтар, мемлекеттік қызметкершілерден тұратын сарапшылардың назарына еліміздің атақты мүсіншілерінен 28 жоба ұсынылды. Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз  қызметінің хабарлауынша, мүсіншілердің қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Мәскеуден келген шеберлер бар.

 

— Жұмыс авторларына Қаныш Сәтпаевтың Отанына шексіз сүйіспеншілік, Абай Құнанбаевтың философиялық ойының тереңдігі және Естай Беркімбаевтың жанының лирикасын көрсету міндеттелген. Кездесу қорытындысы бойынша болашақ монументтер жобаларының үздік нұсқалары іріктелді,- дейді әкімдік өкілдері.

 

Ендігі уақытта іріктеуден өткен жобалар ҚР-да орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қарауына берілетін болады.

 

Тілеуберді Сахаба