Павлодарда Абай шығармаларына арналған облыстық «Ақ бота» байқауы өтті
Қалалық балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО клубында ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған XVIII «Ақ бота» облыстық балалар шығармашылық байқауын өткізді. Қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханованың мәлімдеуінше, байқауға Абай шығармалары бойынша 150-ге жуық жұмыс қабылданған.
Қазылар алқасы орта білім беру және көркемсурет мектептері оқушыларының жұмыстарын 7-9 жас, 10-13 жас, 14-16 жас аралықтарына сай жіктеп қарастырды.
— Байқау нәтижелеріне сай қала мектептері арасында І орынға «Күз» суреті үшін № 16 ЖОББМ оқушысы 9 жасар Полина Морош лайық деп таңылды, — дейді маман. — Сондай-ақ «Абай» суреті үшін І орынға Жетекші орта мектебінің оқушысы және № 31 ЖОМ оқушысы Карина Омар ие болды.
Көркемсурет мектептері арасында гран-при жүлдесін Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Адина Жексенова мен Ангелина Полянцева қанжығасына байлады.
— Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебінің оқушысы 7 жасар Алина Әбдіқалықова «Қыс» суреті үшін I орынға ие болды, — дейді Балжан Әділханова. — Екібастұз қаласының балалар көркемсурет мектебінің оқушысы 13 жасар Ясмин Казкенова «Өз жерінің баласы» атты суреті үшін және Баянауыл өнер мектебінің оқушысы Алуа Катаева «Көктем» суреті үшін I орын алды.
Сонымен қатар, суретші, ҚР Суретшілер Одағы облыстық филиалының төрағасы Өсербай Шорановтың арнайы жүлдесі Екібастұз қаласының балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Нұрай Женісоваға бұйырды. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздары дипломдар және құнды сыйлықтармен марапатталып, қатысушыларға сертификаттар берілді.
Айта кетерлігі, қатысушылардың жұмыстары 10 желтоқсанға дейін «Абай кітаптарының парақтарымен» деген атпен мектеп көрме залында ілінеді.