Павлодарда қала мектептерінің арасындағы ең үздік ұстаз анықталды

«Үздік педагог — 2019» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар анықталды. Қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханованың айтуынша, байқауға облыс орталығындағы мектептер мен бала бақшалардан 30 педагог қатысқан. Оның ішінде 19 жалпы білім беретін мектептердің 24 мұғалімі және алты мектепке дейінгі мекемелердің ұстаздары бар.

— Конкурстың мақсаты — педагог мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтарды ынталандыру, балаларды тәрбиелеу мен оқыту мүмкіндіктерін кеңейтетін стандартты емес педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды іздеу. Байқау нәтижелерін алқалы сараптау комиссиясы анықтады. «Үздік педагог» байқауы көптеген жылдар бойы педагогтың жеке жетістіктеріне ғана емес, қалалық білім беру жүйесінің жетістіктеріне де қарайды, — деді білім беру бөлімінің мамандары.

Бас жүлдені № 16 лицей-мектебінің биология пәні мұғалімі Елена Чайковская жеңіп алды. І орынға № 21 ЖОМ тарих және география пәні мұғалімі Гүлмира Есмакаева ие болса, ІІ орынға № 19 ЖОМ информатика пәні мұғалімі Алмас Серікбаев пен № 34 ЖОМ ұстазы Илья Поляков иеленді, Ал, ІІІ орынды № 1 ЖОМ экономика және құқық пәні мұғалімі Азамат Сыздықов, № 13 ЖОМ орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Светлана Бойченко, № 40 ЖОМ логопеді Қымбат Матай, № 25 ЖОМ музыка пәнінің мұғалімі Жанұзақ Балкенов, № 126 сәбилер бақшасының режиссері, эстетика мұғалімі Ирина Пятых өзара бөлісті.

№ 22 ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі Алтынай Жекеева, № 26 ЖОМ география және тарих пәнінің мұғалімі Людмила Терейковская, № 37 ЖОМ тарих, орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері Маржан Сахимзадина, № 16 лицей-мектебінің физика пәнінің мұғалімі Айжамал Батаева, № 126 сәбилер бақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айман Тукенова конкурс лауреаттары атанды.

«Үздік педагог — 2019» республикалық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық кезеңде қала намысын қорғайды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы