Павлодарда алғашқы соғыс бітімгерлеріне арналған ескерткіш ашылды

Ескерткіштің ашылу салтанатына жергілікті соғыс және соғыс қақтығыстарының ардагерлері, қала тұрғындары қатысты. «Бітімгер» ескерткіш белгісі «Қазақстанның алғашқы бітімгерлері» саябағында орналасқан. Ескерткіштің авторы — ақсулық жас мүсінші Игорь Исаков.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Саян Мұқанов орнатылған ескерткіштің, оған қоса, ардагерлердің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде атқарып жатқан еңбектерінің маңызды екенін атап өтті.

— Бүгінгі шара бүкіл Қазақстан үшін маңызды болып саналады. Өйткені, бұл еліміздегі өзіміздің күшімізбен салынған алғашқы ескерткіш, — дейді жергілікті соғыс ардагерлері және тәжік-ауған шекараларындағы қақтығысқа қатысушылар одағының төрағасы Геннадий Козак.

Ескерткішті орнату идеясын «Жергілікті соғыс ардагерлері және тәжік-ауған шекараларындағы қақтығысқа қатысушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ұсынған болатын.

— Біз бұл күнді төрт жыл күттік. Екі жыл бұрын бізге саябақтан орын бөліп берді. Осы жерге аталмыш ескерткіш орнатылатыны жөнінде жазылған тас қойылды. Содан екі жыл өткеннен кейін мақсатымызға жеттік, — дейді Геннадий Козак.

1993 жылдың шілдесінен 2001 жылдың ақпанына дейін 10 мыңнан астам қазақстандық бітімгерлер ТМД-ның оңтүстік шекараларын қорғады. Қақтығыстарда қаза болған жауынгерлердің арасында Павлодар облысының тумалары Қанат Ыдырышев, Амангелді Жұмабеков, Валерий Софроний бар.

 

Әлихан Рахметоллаұлы