Павлодарда «Аманат» азаматтық платформасының облыстық штабы құрылды

User comments

User comments

User comments

Азаматтық платформа өкілдері еліміздегі барлық сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін бақылаушыларды даярлаумен айналысады. Бұл туралы «Pavlodarnews.kz» АА-ің тілшісі хабарлады.  «Аманат» азаматтық платформасы республикалық штабының мүшесі Әкім Тұрсыновтың айтуынша, ұйымның негізгі мақсаты – кезектен тыс президенттік сайлаудың жүйелі, заңды өтуін қамтамасыз ету.

— Ұйымның құрылу себебі – бұл сайлауға бақылау жасау, — дейді Әкім Тұрсынов. – Дегенмен, биылғы жылғы жұмысымыздың ерекшелігі – біз сайлауға бақылау жасап қана қоймай, оның әділ, заңды өтуіне жағдай жасауға атсалысамыз. Мәселен, біз дайындық, халықтың хабардар болуы, бақылау, диалог және сенім секілді бес бағыт бойынша жұмыс істейміз.

Әкім Тұрсыновтың айтуынша,  қоғамдық бірлестік сайлау науқаны кезінде кеткен олқылықтар үшін жазалауды мақсат етпей, керісінше, олардың алдын алуға тырысады. Оған қоса, «Аманат» платформасы халық пен билік арасындағы интегратор жүгін де мойнына артпақ.

— Бізде көбінесе қоғамның айтқан сөзін билік естімей жатса, биліктің сөзіне қоғам құлақ аспай жатады, — дейді Әкім Тұрсынов. – Сайлау әділ өтті деу үшін оған халықтың көзі жетуі керек. Ал ол үшін екі тарап арасында байланыс болуы қажет. Сол себепті, біздің ұйым интегратор ретінде осы екі тарап арасында сауалнама жүргізіп, әлеуметтік желілерде челлендждер ұйымдастырады.

Аталған азаматтық платформа өкілдері облыстық штабта бақылаушыларды оқытып, дауыс беру мәселесіне қатысты әртүрлі елде жинаған тәжірибесімен бөліседі. Айта кетейік, елімізде тоғыз мыңға жуық сайлау учаскелері болса, олардың 543-і Павлодар облысында орналасқан.

 

 

Суреттер «Pavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы