Павлодарда азаматтарды бірыңғай қабылдау күні акциясы өтті  

Азаматтарды Бірыңғай қабылдау күні шеңберінде Павлодар облысының бес жүзден астам тұрғыны қабылдауға жазылды. Әрбір төртінші азамат аймақ басшысы Болат Бақауовтың қабылдауына жазылған еді.  

Павлодар облысы әкімінің қабылдауына барлығы 137 адам жазылды. Тағы да қырық адам алдына ала жазылусыз келді. Аймақ басшысы өзіне талап-тілектерін айтуға келген әр азаматты жеке қабылдап, алты сағат бойы олардың арыздарын тыңдады. Әкіммен кездесуге келгендердің қатарында төртінші сынып оқушысы Елисей Реснянский де келді. Кездесуге анасымен бірге келген он жасар оқушы геологиямен әуестенетінін және жақында өткен өлкетану пәні бойынша ғылыми жобалардың байқауында жеңіске жеткенін айтты.

— Мен сізден ас тұзын Павлодардың геологиялық тұмары деп жариялауыңызды сұраймын. Осы минерал қаланың дамуына серпін берді. Обыс орталығында алғашқы тұз өндірушілерге арналған ескерткіш те бар, — деді жас бала облыс әкіміне. – Бұл ешқандай қаражатты қажет етпейді, есесіне адамдар неге тұз таңдалғанын сұрастырып, қаланың тарихына қызығушылық танытар еді.

Сонымен бірге, оқушы аймақ басшысына әрбір бала бақша мен  мектептерде туған жер бұрышын ашуды ұсынды. Әкім Елисейдің барлық ұсыныстарын қарауға уәде берді.

— Менің жұмыс тәжірибемде сен қабылдауға келген ең жас азаматсың, — деді Болат Бақауов. – Туған өлкемізге деген қамқорлығың үшін алғыс айтамын. Барлық ұсыныстарың бойынша тиісті шешім қабылдаймыз.

Аймақ басшысы тұрғын үй мәселесі толғандырған азаматтарды жеке қабылдады. Олардың қатарында әлі күнге едйін пәтер алмаған балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Облыс әкімі «Жетім балалар» санаты бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тұрғын үй салу мүмкіндігі қарастырылып жатқандығын айтты. Бұдан бөлек, қабылдауға келген азаматтар медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау және тағы басқа мәселелер бойынша өтініштерін айтты.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы