Павлодарда балалар сауықтыру орталығының жанынан қосымша корпус ашылды
Тірек-қимыл аппаратының бұзушылықтары бар балаларға арналған сауықтыру орталығының жанынан ашылған корпуста 110 бала әлеуметтік-медициналық және психологиялық-педагогикалық көмекке жүгіне алады.
Қосымша корпустың ғимаратында бұрын балалар техникалық мектебі орналасқан болатын. Ғимаратқа жөндеу жүргізілгеннен кейін облыстық білім беру басқармасы бұл жерде бала бақша ашуды жоспарлаған еді. Тамыз айында көп балалы аналар облыс әкімі Болат Бақауовқа тірек-қимыл аппаратының ауытқушылықтары бар балаларға үшін қосымша корпус ашуды ұсынған еді.
Әлеуметтік мекемеде бұрын 62 науқас бала ем қабылдаса, жаңа корпустың ашылуымен олардың саны 110 балаға дейін артты. Жаңа корпустың ашылуы олардың емделу уақытын да ұзартуға мүмкіндік берді.
Жаңа корпустың ашылуына қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов жыл сайын мұнда үш жүзден аса бала ем қабылдайтынын айтты.
— Бұрын науқас баланың күтімінде отырған аналар қолдары босап, жұмысқа да шыға алатын болады, — деді Болат Бақауов. – Сонымен қатар, біз отыз жаңа жұмыс орнын ашып, орталықтың қуаттылығын арттырдық. Алдағы уақытта арнайы күтімге мұқтаж балаларға сапалы ем мен сауықтыру шараларын қабылдау үшін жұмыс жасайтын боламыз.
Орталықтың директоры Бейбіт Шақабаевтың айтуы бойынша балалар мұнда тегін емделеді. Олар физио және еңбек терапиясы кабинеттерінде ем қабылдап, бассейнде жүзумен айналысады. Орталықтың жұмыс тәртібі жартылай стационар түрінде: ата-аналар балаларды орталыққа таңертең әкеліп, кешке алып кетеді. Алыс аудандардың балалары мекемеде тәулік бойы емделеді. Түнгі уақытта санитарлар мен медбикелер кезекшілік жасайды. Жалпы, облыс бойынша 2635 мүмкіндігі шектеулі бала болса, тірек-қимыл аппаратының бұзушылықтары бар балалардың саны – 489.
Орталықтың мәліметі бойынша, 2018 жылы 181 бала арнайы әлеуметтік қызмет алса, осы жылдың 10 айында олардың саны 152 баланы құрады. Орталықтың жұмыс уақыты ішінде 43 бала өздігімен қозғалып, 15 бала өздігімен отырып, 30 бала өздігімен жүруге талпына бастады. Балалардың жалпы санынан 12 сәби бала бақшаға, 22-сі орта мектепке барады, 19 жасөспірім бала орта кәсіби және жоғары оқу орындарында білім алады.
Әлихан Рахметоллаұлы