Павлодарда бейіндік лагерь жұмысын бастады

Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында облыс мектептерінде бейіндік лагерьлер жұмыс істей бастады. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасында хабарлады.

— Солардың бірі 5-6 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» лагері, — дейді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бақдәулет Нұрмат. – Бұл лагерьдің бағдарламасын география пәнінің мұғалімі Татьяна Степовая құрастырған. Лагерьге 15 бала келді. Оқушылардың негізгі жұмысы — егін егу. Бұл балалардың өсімдік дүниесін меңгеріп, білімін арттыруға көмектеседі.

Сонымен қатар, лагерьде балалар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Егін алаңында оқушылар түрлі табиғи ресурстармен танысып,  маусымдық және көпжылдық өсімдіктердің атропогендік өзгерісін түсіндіру тапсырмаларын орындайды.

Практика барысында балалар география, топограф, ландшафт  жұмыстарымен танысып, аэрофотосуреттер мен топографиялық карталарды көреді, тұрғылықты жердің картасын жасап, ботаникалық бақтарды табады. Сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстары, жеке оқу тапсырмалары, өңдеу істері, сараптама жасау, егістікті бақылау, ғылыми модельдер әзірлеу, карта, профильдер мен графиктерді үйренеді.

Географиялық практикум оқушыларды өздігінен ізденуге, жаңа білімді меңгеруге баулиды. Өзінің тұрғылықты мекенжайының ерекшелігін көріп, зерттеу жасауға мүмкіндік береді. Осылайша «Географиялық білімнің дәні» бала бойына егіліп, оқу процесінде үлкен көмек көрсетеді және тақырыпты меңгеруіне мүмкіндік туғызып, қызығушылығын арттырады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы