Павлодарда бір үйдің үш баласын судан құтқарған полицей марапатталды
Аққулы ауданы ІІБ кезекші бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Ғалымбек Жұмабаев бағалы сыйлық – қол сағатпен марапатталды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
— Полицейге сыйлықты табыс еткен департамент бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жасқайрат Қайыров батылдық әрекеті үшін полицейге өз алғысын білдіріп, қызметтік міндеттерін әрі қарай абыроймен атқаруға шақырды, — деді полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Еске сала кетейік, биылғы жылғы шілде айында инспектор Ғалымбек Жұмабаев үш апалы-сіңлілі қыздарды Ертіс өзенінің ортасына қарай қатты ағынс суы әкетіп бара жатқан жерінен құтқарып алып қалған болатын. Полицей еш ойланбастан суға бата жаздаған қыздарға қарай малтып, оларға жағаға шығуға көмектесті. Суға батып кете жаздаған қыздар Аққулы ауылының тұрғындары, 1996, 1999 және 2002 жылы туған апалы-сіңлілер.
Ажалдан аман қалған қыздардың ата-анасы полицейге алғыстарын білдірді.
Әлихан Рахметоллаұлы