Павлодарда дәстүрлі әнші Майра Шамсутдинованы ұлықтауға арналған шаралар өтті
Ең алдымен, 12-ші шілде күні Павлодарда Майра Шамсутдиноваға арналған «Ән еркесі — әнші Майра» атты дәстүрлі әншілер сайысы өтті. Сайысқа облыс аумағынан келген сегіз үміткер Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында бақ сынасты.
— Шара аймақтағы дарынды жастарды анықтау мақсатында да ұйымдастырылып отыр, — деді мәдениет сарайының директоры Асылбек Сапарбекұлы. –Бүгін қатысуға өтініш білдірген 15 үміткердің сегізі ғана келіп отыр. Бірақ біз үшін бұл маңызды емес. Себебі, бізді өнерпаздардың саны емес, олардың дәстүрлі ән орындау сапасы қызықтырады.
Сахнаға алғашқы болып шыққан Ақжол Әбдіреев Железин ауданынан келді. — Дәстүрлі ән айтып жүргеніме бес жылдай болды. Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу — мен үшін жоғары мәртебе. Бұл өнерді аудан оқушыларына да үйретіп жүрмін. Бүгін мен Майра апамыздың «Майра» және «Ахау, Семей» әні мен халық әні «Ақ бақай» мен «Екі жирен» әндерін орындаймын, — деді Ақжол Әбдіреев.
Жалпы қатысушылар Майра Шамсутдинованың «Гауһар тас», «Ертіс», «Сәулем-ай», «Мақпал» әндерімен қатар, Александр Затаевичтың әндерін жазып алып нотаға түсірген жерлесіміздің орындауындағы «Көкмайса», «Қарағым-ау», «Қаракөз», «Баянауыл», «Толқын» әндерін домбыраға салып айтып берді. Қазылар алқасының шешімі бойынша 200 мың теңге көлемінде бас жүлде павлодарлық Дәуренбек Слямғалиға бұйырды.
Бірінші орынды Талант Кәден жеңіп алса, сайыстағы жалғыз нәзік жанды Салтанат Қисатова екінші орынды иеленді, ал үшінші орынды Айдын Қанапин еншіледі. Қалған қатысушылар алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.
Сонымен бірге, келесі күні Павлодардағы Усолка шағын ауданында халық әншісі Майра Шамсутдинованың ескерткіші ашылды. Таза қоладан құйылған мүсін халық әндерін орындаушының есімімен аталатын көшенің бойында орнатылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Болат Бақауов, жазушы, драматург, журналист, ҚР қоғам қайраткері, Мемлекеттік және «Парасат», «Барыс» сыйлықтарының иегері Әнес Сарай, ҚР мәдениет саласының қайраткері, «Құрмет» кавалерінің ордені, Павлодар қаласының құрметті азаматы Қуат Есімханов қатысты.
— Өңіріміздің бұлбұл әншісі атанған жерлес әншіміз Майра Шамсутдинованың құрметіне ескерткіштің орнатылуы Ертіс-Баян өңірі үшін ерекше күн. Рухани жаңғыруға бет алған тұста санамызды сілкінтіп, қазақтан шыққан әншіге мүсін орнату тарихи тұлғаларға көрсетілген тағзым деп білеміз. Осындай абыройлы істердің басында жүретін ұлтжанды ағамыз Қуат Есімхановтың ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді. Елін сүйген Қуат ағамыздың туған жерге, ел тарихына, өнерге деген шексіз қолдау көрсете білетіні баршаға мәлім, — деп Болат Бақауов игі бастамаға бас болып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.
Мәскеу қаласында белгілі сәулетші Александр Рукавишниковтың шеберханасында құйылған ескерткіштің биікті — үш жарым метр. Салмағы — 270 келі. Композицияның авторы — Азат Баярлин. Белгілі мүсінші Астанадағы Сәкен Сейфуллин, Омбыдағы Шоқан Уәлиханов және Түркістандағы Мағжан Жұмабаевтың ескерткіштерінің де авторы.
Әлихан Рахметоллаұлы