Павлодарда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жиыны өтті
«Достық» үйінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың төрағалығымен алқалы жиын өтті. Отырысқа Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Ақмола өңірлеріндегі филиалдардың басшылары мен Ресейдің Алтай өлкесіндегі отандастарымыз қатысты.
— Былтырғы жылы мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше міндеттер қойған, — деді Зауытбек Тұрысбеков. — Біріншіден, орталық кеңсені Алматыдан Астанаға көшіру туралы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма орындалды. Екінші міндет — барлық облыстарда қауымдастық филиалдарын ашу. Үшіншісі — қазақтар көп шоғырланған шет елдермен тығыз байланыс орнату. Оның ішінде Қытай, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия елдері бар.
Қауымдастық төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінгі жиын «Ұлы дала» фестиваліне орайластырылған. — Ертіс өңірінде ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала» фестиваліне былтыр да қатысқан едім. Шараның ауқымдылығына таң қалып отырмын. Бұған қоса, биыл фестивальдің деңгейі де өскен. Сондықтан басқа өңірлердегі өкілдіктерге көрсету үшін арнайы осында шақырып отырмыз. Еліміз егемендік алған 27 жылдың ішінде миллиондаған адам Ата қонысына оралды. Әлі де туған еліне қоныс аударғысы келетін қаншама адамдар бар. Елбасы оларды жай ғана көшіріп қоймай, Израиль, Германия, Ресей елдерінің өз отандастарына жасайты қамқорлығындай барынша көмектесуді тапсырды. Сондықтан баспана және жұмыспен қамту — бірінші кезекке қойылатын мәселе, — деді Зауытбек Тұрысбеков.
Кездесу барысында бүгінде шетелдік қазақтармен ғана емес, барлық қазақстандықтармен жұмыс істеуге бағытталған «Отандастар» қорының маңыздылығы туралы да сөз қозғалды. — Бұл қордың құрылтайшылары — ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Спорт және мәдениет министрлігі. Оны құруға бір жылдай уақыт кетті. Бірінші қыркүйекте жұмысқа кірісу жоспарланып отыр. Басты мақсат — шетелдегі белсенді қазақтарды анықтау, олармен байланыс орнату, көмек көрсету, — дейді Зауытбек Тұрысбеков.
Әлихан Рахметоллаұлы