Павлодарда еңбек ардагеріне ескерткіш тақта ашылды
Облыс орталығындағы академик Әлкей Марғұлан және Естай көшелерінің қиылысындағы үйге Социалистік Еңбек Ері Жылқыбай Жүсіповке арналған ескерткіш тақта ашылды.
Жылқыбай Жүсіпов 1933 жылы Павлодар облысының бұрынғы Үрлітөбе қазіргі Железин ауданының Есқара ауылында дүниеге келген. 1957 жылдан бастап Озерный кеңшарында тракторист-комбайнер болып жұмыс істеді. Ауыл шаруашылық техникасын жетік меңгерген ол кеңшардағы техниканың үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етті. Жылқыбай Жүсіпов әр жыл сайын трактор мен комбайндегі жұмыс өнімдігін мөлшерінен артық орындап жүрді.
1967 жылы 19 сәуірде астық өндіру және дайындауды арттырудағы жетістіктері үшін КСРО Жоғары Кеңес Президиумының шешімімен Жылқыбай Жүсіповке «Социалистік Еңбек Ері» атағы, «Ленин» ордені мен «Орақ пен балға» медалі табысталды. Сонымен бірге ол «Тың және тыңайған жерлерге 25 жыл» медалімен марапатталды.
Бұл атақты ол Железин ауданының тұрғындарының арасында алғашқылардың бірі болып иеленді.
Жылқыбай Жүсіповтің еңбек жетістіктерін еске алған митингіге қатысушылар, бірінші кезекте, оның еңбекқорлығы мен өз ісіне деген адалдығын ерекше атады. «Озерный» кеңшарының бұрынғы директоры Ермек Нығмановтың айтуынша, Жылқыбай Жүсіповтің жұмысқа деген тиянақтылығы соншалықты, ол егін орағы кезінде үйде қонбай түні бойы еңбектенуден тайынбаған. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөйлеген облыстық ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Марат Асылханов Жылқыбай Жүсіповтің облыстың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
— Бүгін Жылқыбай Жүсіпов туралы жақсы сөздер көп айтылды, ол сол айтылған мадақтаулардың бәріне лайық, — деді Марат Асылханов. – Бұл адам күнделікті еңбегімен қоғамға пайда әкеліп, айналасындағыларға мейірім төкті. Жылқыбай Жүсіповке қатысты мұрағаттық құжаттар жақында ашылатын аймағымыздың ауыл шаруашылығы саласының мұражайында лайықты орын табады.
Әлихан Рахметоллаұлы