Павлодарда Еңбек министрі Мәдина Әбілқасымоваға электронды еңбек биржасы көрсетілді
Павлодарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымоваға электронды еңбек биржасы бар жұмыспен қамту орталығы таныстырылды. Орталық директоры Арман Смаилов цифрлық сауаттылыққа оқыту мен электронды үкімет, шағын несие ұсыну бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
— Бүгінгі таңда 2017 жылмен салыстырғанда жұмыспен қамту көрсеткіші 1,5 пайызға артқан, — деді Арман Смаилов. — Былтыр бұл көрсеткіш 5800 азаматты құраса, биыл 6459 адам жұмысқа орналастырылған. Жыл басынан бері электронды еңбек биржасына 1000-нан астам кәсіпорын және 9730 бос орын тіркелген. Жылдың соңына дейін 3000-нан астам кәсіпорынды қамту жоспарланып отыр. Бүгінде 2700 бос жұмыс орны бар. Сондай-ақ, жаңадан ашылған кәсіпорындарға көшпелі семинарлар ұйымдастырылады.
Мәдина Әбілқасымова орталық мамандарынан атаулы әлеуметтік көмек және қоныс аудару туралы сұрады.
— Бүгінгі таңда Павлодар қаласы бойынша 16 отбасының құрамында көшіп келген 62 адам ағайындар, — деді маман Ұнат Аманбек. — 15 отбасы немесе 60 адам ішкі қоныс аударушылар. Оқу, әлеуметтік көмек, шағын несие туралы түсіндіріп, құжаттарын жинап өңірлік басқармаға тапсырамыз. Ішкі қоныс аударушылар бойынша айтарлықтай қиындық жоқ, көбінесе оралмандармен бірқатар мәселе бар. Қытайдан келген азаматтарға тіл мәселесі кедергі болады. Дегенмен, оларға жұмыс тауып беруге тырысамыз.
Еңбек министрі бұл бағытта жұмыс берушілерді электронды биржаға жұмылдыру үшін барынша күш салу қажет екенін атап өтті.
— Барлық бос орындар туралы ақпарат орналастырылып отыруы тиіс. Жұмыспен қамту үшін бірыңғай орталықтандырылған платформа құру — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Бұл жұмыс іздеушілер үшін өте қолайлы. Еңбекақы мөлшерін салыстырып, қандай біліктілік талаптары қойылатыны туралы хабардар болады. Қысқа мерзімді курстарды қалыптастыру бойынша колледждер модульді үш, алты және 12 айлық курстар ұсынады. Жеке меншік оқу орындарының да қызметін пайдаланған жөн. Сондай-ақ, одан әрі түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін бақылауда ұстау керек, — деді министр.
Еске сала кетейік, электронды биржасы бар жұмыспен қамту орталығы 2017 жылы қараша айында іске қосылған. Бұл жерде тәулігіне 300-ге жуық адамды қабылдайтын тіркеу орнына немесе 15 терезеге жүгінуге болады. Техникалық қызметкерлерді есепке алғанда барлығы 32 адам жұмыс істейді.
Әлихан Рахметоллаұлы