Павлодарда «Ertis Promenade» маусымы басталды

Ертіс-Баян өңірінде тағы бір үлкен жоба дүниеге келді. Облыс орталығында арнайы сахна құрылып, «Ertis Promenade» маусымы ашылды. Ұйымдаструшылардың жоспарына сәйкес, жаз мезгілінде апта сайын Орталық жағажайдың сахнасында қазақстандық және шетелдік әртістер өнер көрсететін болады.

Сахнаның тұсауын кесу концертіне джаз әртістері қатысты. Қонақтардың қатарында Новосібір облысы мен Алтай өлкесінен өнерпаздар қатысты. Сондай-ақ, павлодарлық джаз оркестрі, саксофонистер мен камералы хор ұжымдары өнер көрсетті. Көңілді кештің куәсі болған тұрғындар да ұйымдастырушылар тарапына өз алғыстарын жаудырып жатты.

–  Кеш өте көңілді өтті. Мен осында достарыммен апта сайын келіп, ашық аспан астында билеуге дайынмын, – деп бөлісті әсерімен Павлодар қаласының тұрғыны Әсемгүл Исмаилова.

Маусым айының екісі күні асы жағажайда танымал қазақстандық «МузАрт» тобы ән шырқадыұйымдастырушылардың ақпаратына сүйенсек, алғашқы екі күннің ішінде «Ertis Promenade»-қа 20 мың адамдай жиналды. Алдағы уақытта бұлардан өзге де танымал қазақстандық және шетелдік әншілер келеді деп күтілуде. Себебі бұл жағалауда енді жаз бойы түрлі концерттер болады. Оған танымал ресейлік әнші Сати Казанова, молдавалық әртіс Дан Балан өнер көрсетуге келісімдерін берді. Сонымен қатар, Қайрат Нұртас және «Жігіттер» квартеті сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен Павлодардан шыққан Мерует Түсіпбаева, Ринат Малцагов, Роза Мұқатаева сынды әншілер келеді деп күтілуде.

Өз тілшімізден