Павлодарда «Ертістің ерен Естайы» атты дәстүрлі әндердің республикалық фестивалі өтті
Фестиваль сазгер, ақынның 150-жылдығы аясында өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары, ұлттық оркестрлер республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.
Көрермендер Естай Беркімбаевтың бұрын белгісіз болып келген туындыларын тыңдады.
– Бүгін фестивальде мен Естайдың халық арасында белгісіз болып келген екі әнін орындадым. Бұл – Қорланның үшінші түрі мен «Жай Қоңыр» әнінің екінші түрі, — дейді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Нұржан Жанпейісов. – Естайдың көптеген әндері түпнұсқада сақталып қалды. Бұл өнертанушы, қазақ әндерін жинақтаушы Александр Затаевичтің еңбегі. Біздің басты міндетіміз – ұлттық миуызка жауһарларын сақтап қалып, ұрпаққа жеткізу болып табылады.
Әлихан Рахметоллаұлы