Павлодарда этноауыл ашылды

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай облыс орталығындағы Гагарин атындағы саябақта этноауыл ашылды. Аймақ басшысының бастамасымен ашылған этноауылда 26 ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық мәдениет түрлері таныстырылады.

Облыс әкімі Болат Бақауов этноауылдың аумағын аралап, әр қала мен ауданның киіз үйіне кіріп шықты. Ұлттық қолөнер шеберлері аймақ басшысына өздерінің туындыларын таныстырды. Солардың ішінде, Аққулы ауданының шеберлері қолма-қол киіз басып, оның бетіне «Астанаға 20 жыл» деген жазуды шығарып берді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков этноауылды құрудағы басты мақсат қала тұрғындарын, әсіресе, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызбен таныстырып, мәдениетіміздің озық үлгілерін таныту екендігін атап өтті.

— Этноауылдағы киіз үйлердің жалпы саны — 26, — деді ол. – Облысымыздың әр ауданы екі киіз үйден әкелді. Этноауыл қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаз бойы жұмыс істейді. Жұмыс күндері аудандардан келген қолөнершілер мен кәсіпкерлердің ұлттық тағамдарымен танысып, сатып алуға мүмкіндік туады. Демалыс күндері сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін түрлі мәдени бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Әлихан Олжабай