Павлодарда этномәдени бірлестік жетекшілері грант алды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесіп, оларға гранттарды табыс етті. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдеріне жастармен бірлесіп белсенді жұмыс жасауды тапсырды.

– Біз кәсіпкерлермен көп қарым-қатынас жасаймыз, сонда олар ауылдарда кадрлардың жетіспеушілігі барын айтады. Қазір қалаға көшу үрдісі өте қарқынды жүріп жатыр, алайда жастардың барлығы ауылдардан көшетін болса, ол жерлерде кім жұмыс істейді? Ауыл жастарына да жақсы жалақы төлеп, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі бойынша сөйлестім. Егер жалақы қазіргідей 60-70 мың теңге маңайында ғана болса, онда ауылда ешкім қалмайтыны түсінікті! Әрине, жас жігітке вахтаға барып жұмыс істеген тиімді! Сол себепті осы бағытта біз Қазақстан халқы Ассамблеясымен жұмыс істейтін боламыз, — деді аймақ басшысы.

Мерекеге орай орталық алаңға келген аймақ басшысы қаз-қатар тігілген ақ шаңқан кигіз үйлерді аралап көрді. Сондай-ақ, барлық этномәдени бірлестіктің шаңырағынан дәм татып, облыс жұртшылығын мерекемен құттықтады.

– Бұл мереке- Қазақстанда тойланатын ең жақсы, нұр шашқан мерекелердің бірі. Бұл – 135 ұлт пен ұлыс тұратын мемлекетте бірге тату-тәтті өмір сүруі үшін қажетті достық, татулық пен жарастықтың мейрамы, – деді ол. – Біз, яғни қазақстандықтар үшін бұл мейрам аса қымбат. Қоғамдағы достық, татулық пен өзара түсіністікті қамтамасыз етуге бағытталған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты арқасында мемлекет әлеуметтік және экономикалық дамуы жағынан едәуір жетістіктерге жетті. Барлықтарыңызға мерекелік көңіл-күй мен амандық тілеймін.

Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған мерекелік шара барысында 100 бала «Отаным менің» композициясына қатысты. Мұнда Павлодардағы оқушылар сарайы мен Естай атындағы мәдениет сарайының би ұжымдары өнер көрсетті. Астана көшесі бойында балаларға арналған «Бүлдіршіндер алаңы» бой көтеріп, әртүрлі ойындар өтті. Яғни, асық ату, тоғызқұмалақ және асфальтқа сурет салудан сынға түсті.

Оқушылар сарайының көркемдік тәрбие бөлімінің меңгерушісі Ирина Карпованың айтуынша, «Бүлдіршіндер алаңындағы» концертке 120-ға тарта бала қатысты. — Домбыра оркестрінің өнерпаздары келген жұртты өз өнерлерімен тамсандырды. Олардың 40 пайызы өзге ұлт өкілдері. 4-17 жас аралығындағы балар қазақ және өзге тілдерде де ән шырқады, — дейді ол.

Бұдан бөлек, әр ұлттың өкілдері бір сахнаға көтеріліп, Достық биін биледі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, түрлі ұлттардың биі әр халықтың өзінің ұлттық әнімен сүймелденді. Мұндай ерекше қойылым Павллодарда биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Тілеуберді САХАБА