Павлодарда ІІІ республикалық ASAR форумы өтті
Павлодарда III республикалық ASAR форумы өтті. Кездесу қатысушыларын Павлодар облысының әкім Болат Бақауов қарсы алды.
Үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастық және мемлекеттік органдардың әрекеттестік мәселелері талқыланған форум Достық үйінде өтті. Қонақтарды қарсы алған аймақ басшысы павлодарлық ҮЕҰ өзінің белсенділігімен және берік азаматтық ұстанымдарымен ерекшеленетінін атап өтті.
— Қазіргі кезде Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің, бизнес өкілдерінің, халықаралық ұйымдардың назарын өзіне тарта алады, — деді әкім. — ҮЕҰ үшін де, бизнес қауымдастық үшін де әлеуметтік жобалардың негізгі әріптесі мемлекет болады. Мысалы, ағымдағы жылы біздің өңіріміз ҮЕҰ-ен бірлесіп, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған бір миллиард теңгенің жобаларын жүзеге асырып жатыр. Облыс орталығында Азаматтық альянс және Еріктілер үйлері жұмыс істейді. Біздің міндетіміз — қоғамда сенімділік орнату, ол үшін барлық қоғамдық, саяси күштердің өзара диалог құрып, сарапшылар мен азаматтардың іс-қимылдарын біріктіру қажет.
Форум қатысушыларының бірі – Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Асылбек Қожахметов Павлодар облысы еліміз бойынша Үкіметтік емес ұйымдар секторын дамытуда көш бастап тұрғанын атап өтті.
— Мен Азаматтық альянс үйінде болдым. Менің ойымша бұл еліміздегі қоғамдық ұйымдар бір орында жұмыс істейтін жалғыз орын, — деді ол. — Бұл өңірдегі азаматтық ұйымдардың үлкен күшке айналғанының көрінісі.
Еске сала кетейік, бұл ASAR форумының үшінші жиыны. Бұған дейін екі форум Атырау және Талдықорған қалаларында өтті.
Әлихан Рахметоллаұлы