Павлодарда іскер әйелдер форумы өтті
Облыс орталығында аймақтың нәзік жанды кәсіпкерлерінің басын қосқан Іскер әйелдер форумы өтті.
Бейресми кездесуге Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Ләззат Рамазанова қатысты.
— Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен айтқанда 60%-ын әйелдер басқарады, – деп атап өтті Ләззат Рамазанова. – Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жаңа қарқыны белең алды. Көптеген әйелдердің шағын бизнестен жоғары сатыға көтеріліп, өздерінің жасап жатқан жұмыстары арқылы аймағына пайдасын тигізгеніне қуаныштымыз.
Форум аясында әйел азаматтар басқаратын кәсіпорындардың өнімдерін тамашалауға мүмкіндік беретін көрме ұйымдастырылды. Олардың ішінде тамақ та, киім де, пластикалық терезелер және тағы көптеген заттар қойылған. Аймақ басшысы атап өткендей, павлодарлық әйелдер тіпті металлургиялық өнімдерді өндіру саласына да енген. Осы бизнес-ледилердің арқасында «Made in Pavlodar» өнімдерін шет елдерде де жақсы біледі.
– Өткен аптада біздің делегация Петропавлда өткен Шекаралық ынтымақтастықтың ХV форумына қатысқан болатын, – деді облыс әкімі. – Сондағы ресейлік қонақтар «Крендель» компаниясының өнімдері мен басшысын жақсы біледі екен. Біз міндетті түрде шағын және орта бизнеске көмектесеміз, тіпті өнімдерін сатысуға да дайынбыз.
Форумның соңында аймақтың үздік бизнесвумендеріне алғыс хаттар табысталды.
Әлихан Рахметоллаұлы