Павлодарда кәріс халқының дәстүрлі астық мерекесі тойланды
Облыс орталығындағы «Достық үйінің» мәжіілс залында кәріс халқының астық жинау науқанының аяқталуын білдіретін «Чусок» мерекесі аталып өтті. Оған облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің белсенді қатысушылары мен достары, қала тұрғындары жиналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Кореяда аталмыш мереке 5 күн тойланады. «Чху» корей тілінен аударғанда – күзді, «сок» – кешті білдіреді. Осы мерекеге дейін еңбексүйгіш адамдармен өсірілген табиғат сыйы әбден пісіп жетіледі. Егер күріш, жидектер мен жемістердің өнімі мол болса, бұл игілік пен береке науқаны үлкен думанға ұласады. Думан барысында барлық қонақтарға арнап кәріс елінің ежелгі өмірінен көрініс көрсетіліп, жиналған қауым бір сәт сол кезеңге саяхат жасады.
Үй иелері мереке қарсаңында үйінің қабырғаларына келер жылы астық жақсы өнім берсін деген ниетпен астықтан бау байлап іліп қояды екен. Мереке аяқталса да осы «әшекейлер» шешілмейді. Яғни, бұл бабаларға арналған сый болып саналады. Ай толып, өзінің жарқыраған таңғажайып жарығын төккен кезде дәстүр бойынша ежелгі Кәріс елінде оған ғибадат етіп, тәтті тағамдарды: чимпень, чальток, сонпхён, күріш шарабын және басқа тағамдарды тарту салтын орындайды. Сондай-ақ, чусок мерекесі кезінде ата-бабалардың моласына бару салты сақталған. Оны «сонмё» деп атайды. Бейіт басы жинақталып, жаз бойы өскен арамшөптер шабылады. Бұл ата-бабаға деген сый-құрметтің көрінісі.
Іс-шара барысында дәстүр бойынша қыздар барлық қонақтарға мерекеге арнайы күріштен жасалатын «чимпень» дәстүрлі корей жұқа нанынан дәм ұсынып, этномәдени бірлестіктің хореографиялық және вокалдық ансамбльдерінің орындауларында ұлттық билер мен әндер орындалды. Бір жерде балуандар сыйлыққа өгіз аламын деп жеңіс үшін бір-бірімен «ссирым» деп аталатын күреске қатысып жатса, енді бір жерде балалар аспанға батпырауық ұшырды. Ақсақалдар мен ер адамдар өмір туралы әңгімелерін айтып, бойжеткендер «Нольтвигте», «Кім биігірек?!» кәріс әйелдерінің ұлттық ойынын ойнады.
Әлихан Рахметоллаұлы