Павлодарда кәсіпкерлер үшін «Ашық есік» акциясы бастау алды
«ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының өңірлік филиалы Павлодар қалалық әкімдігімен бірлесіп, «Ашық есіктер күні» акциясын бастады.
Акция шеңберінде әр сәрсенбі күні сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін Короленко, 109 мекен-жайында орналасқан «ДАМУ» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ, «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Павлодар жылу желілері» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ, екінші деңгейлі банктер өкілдері, сондай-ақ қалалық жер қатынастары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық, сәулет және құрылыс бөлімдерінің мамандары жергілікті кәсіпкерлерге түрлі мәселелер бойынша кеңес береді.
«ДАМУ» қорының облыстық филиалы директорының орынбасары Рустам Қасымовтың айтуынша, акция пилоттық режимде іске қосылған.
— Осы жобаны бұрыннан көздеген едік, — дейді Рустам Қасымов. – Бүгінде бұл жердегі қызмет көрсетулер тек кеңес берумен шектеледі. Алайда болашақта мұндағы мамандар кәсіпкерлердің өтініштерін қабылдап, олардың шешілуіне дейін көмек көрсетеді.
Рустам Қасымовтың сөзіне сенсек, «ДАМУ» қорының жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бұрын да жұмыс істеген. Бірақ қазіргі кезде оның қызметтері монополистер, мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банктер кеңестерімен толықтырылды. Жыл басынан бері орталықта бес мыңнан астам кеңес берілді.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Асыповтың айтуынша, аталған орталықтың қызметі бизнесмендердің көптеген өтініштері нәтижесінде кеңейтілді. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау. Оның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлерді жер қатынастары, сәулет пен несиелендіру мәселелері көбірек қызықтырады.
Әлихан Рахметоллаұлы