Павлодарда «Көмекей әулие — Бұқар жырау» қойылымы сахналанды
Павлодарда ұйымдастырылған «Ұлы дала» этнофестивалі шеңберінде «Көмекей әулие — Бұқар жырау» тарихи драмасы сахналанды. Спетакль Ертіс өзені жағасындағы «Еrtis promenade» сахнасында болды.
Бұл спектакль бұрын-соңды ешбір жерде қойылмаған. Сондықтан, премьерасы деп атауға да болады дейді актерлер. Тарихи спектаклді С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрының ұжымы алып келіпті. Режиссері — ҚР Мәдениет қайраткері Болат Ұзақов. Пьесаның авторы елімізге танымал тарихшы, драматург Жамбыл Артықбаев. Қойылымды көрген жұрт ерекше әсерленіп қайтты. Ашық аспан астындағы сахнада көмекейі бүлкілдеген бала Бұқар мен хан алдында қасқая сөйлеген дана Бұқарға дейінгі тарихи оқиғалар суреттелді. Бұқар бабамыз үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың сенімді ақылшысы ретінде қазақ жүздері бір мәмілеге келіп, бір тудың астына жиналуына зор үлес қосты… Осы секілді қазақтың бірігуіне себеп болған маңызды шешімдер мен тарихи сәттерді сахнадан тамашалап, осыдан үш ғасыр бұрынғы Бұқар мен Абылай дәуіріне аяқ басқандай болдық.
Жалпы, Абылай ханның сенімді серігі бола білген Бұқар жыраудың рөлін сомдап, халық алдында Бұқар боп сөйлеу – кез-келген әртістің қолынан келе бермесі анық. Ол үшін актерлык шеберлік ғана емес, үлкен жүрек керек. Міне, осы үлкен жауапкершілік С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрының актеры, ҚР Мәдениет қайраткері Айбек Қырықбаевтың еншісіне тиіпті.
— Бұқар жырау туралы бір емес, бірнеше қойылым қоюға болады. Себебі Бұқар бабамыз ханның кеңесшісі ғана емес, қандай қиын кезеңде де ат үстінен түспеген батыр, елді аузына қаратқан шешен, ел арасындағы кейбір келіспеушілікке төрелік айта білген биі және халықты имандылыққа шақырған діндар тұлға. Қойылымда осының барлығын қамтуға тырыстық, — дейді Айбек Қырықбаев.
Арман ӘШЕНОВ, көрермен:
— Бұрын Бұқар бабамыздың «Ей Абылай, Абылай, мен өзіңді көргенде, тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, үйсін Төле бидің, түйесін баққан құл едің» деген өлең тіркестерін кітаптан оқып жүрсек, бүгін соны сахна төрінде өз аузынан естігендей болдық. Қойылым сәтті шығыпты. Актерлардың дайындығы да жоғары екен. Қарағанды театрының актерларына барша Павлодар жұртшылығы атынан алғыс білдіремін.
Айбат ЫДЫРЫСОВ, көрермен:
— «Көмекей әулие – Бұқар жырау» спектаклін тамашалап рухани байып қайттым. Бұрын-соңды болмаған ұлттың, елдің рухын көтерер дүние болды. Бұл Бұқардың көрегенділігін, көріпкелділігін және дана саясаткер болғандығын анық көрсете білді. Сонымен қатар, небір қилы-қиын сәттерде Абылай ханның қасынани табылып, ақылшысы болғанына және ащы да болса шындықты айта білгенін көрсетті. Актерларға алғысымыз шексіз.
Т.Сахаба