Павлодарда Конституция күніне орай төрт спорт алаңы ашылды
Павлодарда Конституция күніне орай 1 Мамыр, 288, Бектұров,5, Сибирская, 85 пен Комсомольская 11/1 мекенжайларында төрт спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Шағын футбол алаңдарының көлемі 20х40 метрді құрайды. Олардың әрбіреуіне қалалық бюджеттен 9,5 миллион теңге бөлінді. Алаңдарға жасанды шөп төселген. Қоршаудың биіктігі төрт метр. 1 Мамыр, 288 мекенжайында 2,5 мың адам тұрады. Олардың жартысы балалар.
— Биыл қала аумағында 16 спорт алаңы ашылып жатыр, — деді қала әкімінің орынбасары Саян Мұқанов. – Соның ішінде шағын футбол алаңдары, хоккей корттары мен стрит воркаут алаңдары бар. Енді осы аулада да спорттың алаң пайда болды. Осында үлкендер де, балалар да футбол ойнай алады.
Денешынықтыру және спорт бөлімінің спорт секторының меңгерушісі Күмісай Асаинованың айтуынша дәл осындай алаңдар алдағы уақытта Айманов,2, Торайғыров, 44/1 және Торайғыров,6 мекенжайында орналасқан аулаларында пайда болады. — Алаңдардың әрқайсысының құрылысына 9,5 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ, дәл осындай алаң Ворушин көшесінде салынады, — деді Күмісай Асаинова.
Жалпы 11 алаңның құрылысына қала бюджетінен 106 миллион теңге бөлінді. Алаңның ашылуынан кейін «Ертіс» футбол клубының ойыншылары балаларға өз шеберліктерін көрсетті.
Әлихан Рахметоллаұлы