Павлодарда көзі көрмейтін және нашар көретін 30 адам қазақ тілін оқыту курстарын аяқтады
Павлодарда көзі нашар көретін жандарға қазақ тілін үйретуге арналған «Күн сәулесі» жобасы аяқталды. Жобаның авторы, «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова қазақ тілін үйрету курсы екі айға жалғасқанын айтады.
— Бұл жобамды ұсынған кезде облыс әкімі Болат Бақауов бірден қолдау көрсетті, — деді Шолпан Кинжикова. – 30 адамды төрт топқа бөліп оқыттым. Курсқа арнайы әдістемелік құрал ретінде кітап та шығарылды. Зағип жандарға арналған баспаның арнайы Брайль жүйесі бар. Сол жүйемен басып шығаратын принтер құралдары тек орыс, ағылшын тілінде екен. Қазақ тілінде жоқ болғандықтан тілдерді дамыту басқармасы қаржы бөліп, мамандарды жалдап қолмен басып шығартты. «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік!» атты кітапқа мемлекетік тілді үйрететін сабақтар енген. 10 шақты адам өзге ұлт өкілдері болды.
Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада 30 адамға курсты аяқтағандары жөніндегі сертификаттар табыс етілді. «Күн сәулесі» жобасына қатысушы Әсия Төлеубаева орыс мектептеріне баратын шөберелеріне қазақша үйрететінін жеткізді.
— Өзім 72 жастамын, — деді Әсия Төлеубаева. – Қазақша сөйлей аламын. Бірақ көп білем деп айтуға болмайды. Білмегенімізді үйрендік. Енді немере-шөберелеріме үйрететін боламын. Курсымыз жақсы өтті. Емін-еркін әңгімелесіп, сыр шертісе отырып, өткізілген сабақтар арқылы қабылдау жеңіл болды. Әр сабағымызда шәй ішіп, ән айтып көңіл көтеріп отырып үйренуге кірістік. Ұстазымыз қысқаша әңгімелер айтты. Оларды орысшаға аудардық.
56 жастағы Елена Леонтьева аты-жөні, мекенжайынан бастап бірнеше сөйлемді қазақша айтатын дәрежеге жетіп қалғанын айтты. — Бұрындары да қазақ тілін үйренгенмін, — деді Елена Леонтьева. – Қоғамдастығымыз бар. Сол ұйымда бірнеше курстар өтті. Бұл жолғы жобада тереңдетіп оқыдық. Жалғауларды, дауысты, дауыссыз дыбыстарды үйрендік. Ән айтып, өлеңдер жаттадық. Сөздік қорым едәуір молайып қалды. Бірнеше сөйлемді еркін айта аламын.
«Күн сәулесі» жобасының жетекшісі Шолпан Кинжикова жобаға қатысушылармен табиғат аясында демалуға шығатындарын атап өтті. — Мұндай жандар өздерін ешкімге керексіз сезінбесін, қолдаушылары бар екенін білсін деген ниетпен табиғатқа саяхатқа шықпақпыз. Әңгімелерінің арасында көп сыртқа шықпайтынын да естіп қалдым. Сондықтан 24-тамыз
күні курсқа қатысушылармен Усолка шағын ауданы маңатына табиғат аясына демалысқа шығатын боламыз, — деді Шолпан Кинжикова.
Айта кету керек, облыстық арнайы кітапханада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған «Күн сәулесі» жобасы іске қосылған. Мемлекет тарапынан бұл мақсатқа 6,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазақ тілін оқыту курстарында тыңдаушыларға арнайы Брайль жүйесіне негізделген оптикалық құрылғылар, тифлоқұрылғылар, релефті-графикалық және жазық баспалы оқу құралдары, жаңа ақпараттық технологиялар қарастырылған.
Әлихан Рахметоллаұлы