Павлодарда «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты ІІ музыка фестивалі өтті

Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» музыка фестивалінің Гала-концерті өтті. Қалалық білім беру бөлімінің хабарлауынша фестиваль «Болашақтың музыка әлемі» жобасының шеңберінде өткізіліп, Гала-концертке 300-ге жуық жас өрендер қатысты.

Гала-концерт хор және оркестр ұжымдарының Людмила Мельникованың «Қазақ жері» туындысын орындауымен басталды. Сондай-ақ концертте Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Е. Брусиловский, Н. Тілендиев сынды халық күйшілері мен композиторларының шығармалары орындалды.

Көрермендер алдында жас қобызшылар, домбырашылар, гитара, саксофон, жетіген аспаптарында орындаушылар, орыс халық аспаптарының оркестрі, эстрадалық ансамбль мен «Камертон» камералық оркестрі өнер көрсетті. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Дания Усина «Еліммен біргемін», Янина Симчук «Қазағымсың», Арианна Рауш «Қазағымсың» әндерімен тыңдаушыларды тамсандырды.

— Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар жастардың халық музыкасына мен мәдениетіне деген қызығушылықтарын оятады, — дейді музыкалық мектеп-интернаты директорының м.а. Ольга Бобровская.

Әлихан Рахметоллаұлы