Павлодарда май зауыты салынып жатыр

Павлодар қаласының Жетекші ауылында күнбағыс өндіру  зауыты салына бастады. Құрылыс алаңына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов барып қайтты.

Май зауыты құрылысын қытай инвесторлары қаржыландырды. 2018 жылы жобаның жүзеге асырылуына олар 1.5 миллион АҚШ долларын бөлді. “Гринланд Инвест ” ЖШС бас директоры Чжан Янь Цю мырзаның айтуынша  кәсіпорын жылдың соңына дейін іске қосылмақ.

– Шикізат өндіру қуаты тәулігіне 300 тоннаны құрайды, жыл сайын 30 мың тонна май шығару жоспарланып отыр, – деді ол. Күнбағысты біз Павлодар облысынан сатып алатын боламыз, ал өндірілген өнімді Қытай мемлекетіне жеткіземіз. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін штат 50 адамға дейін көбейеді. Жұмысқа жергілікті тұрғындарды жұмылдырамыз деген ой бар.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет қаражаты есебінен кәсіпорынға жалпы сомасы 150 миллион теңгені құрайтын электр байланыс желісі тартылып жатыр. Болашақта инвесторлар ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын, қияр мен қызанақ өсіруге арналған жылыжайларды салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Жетекші ауылына сапар барысында аймақ басшысы “Павлодар-Құс ” ЖШС-не барып қайтты. Осы жылы кәсіпорын 72 миллион жұмыртқа өндіретін болса, келесі жылы оның көлемі екі есе ұлғайтылмақ.

– Бұл құс фабрикасын салуға тұрғындардың қарсы болғандары әлі есімде, – деді Болат Бақауов. — Бүгінгі күні бұл компания ондаған ауыл тұрғынын жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар бұл жас кәсіпорынның қуаты «Шарбақты құс» фабрикасынан кем емес, — деді аймақ басшысы.

Өз тілшімізден