Павлодарда «Мектепке жол» акциясы аясында бес мыңға жуық  оқушыға көмек көрсетілді


«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жалпы сомасы 36934 теңгеге әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасындағы 4869 балаға материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ бюджеттік емес қаражат есебінен 14954 теңге жұмсалды. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімі мәлім етті.

— Акция барысында көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардың үйлеріне 1228 рейдтік шара өткізілді. Оған 209 білім беру, ішкі істер, тұрғындарды әлеуметтік қорғау органдарынан, ата-аналар қоғамдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде өткізілген мектеп жәрмеңкесіне сегіз сауда фирмасы қатысты. Олар кеңсе тауарлары мен мектеп киімін, аяқ киімдерді 15-тен 20%-ға дейін жеңілдікпен ұсынды, — дейді бөлім маманы Балжан Әділханова.

«Квазар», «Манақбай» сауда үйлерінде мектепке керек заттарды жинау үшін қайырымдылық жәшіктері орнатылды. Ленин кенті, Жетекші, Павлодарское, Кенжекөл ауылдарының күнкөрісі төмен отбасылардың балаларына көмек беру мақсатында қаланың білім беру ұйымдарында «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар» атты қайырымдылық акциялары өткізілді. «Жақсылық жаса» акциясы бойынша жаңа оқу жылының басында қаланың жалпы орта мектептерінің 30-дан астам оқушысына сұлулық салондарында тегін шаш қиғызу мүмкінгі ұсынылды.

«Бірінші сыныпқа алғаш рет қадам басу» акциясы барысында 150 болашақ бірінші сынып оқушысы кеңсе тауарлары бар сөмкелер алды. Оқушыларды сөмкелер, кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге «Қазақстан халық банкі» АҚ, Павлодар қаласының мейірімділер клубы, «Қызыл ай» қоғамдастығы көмектесті. Үш қайырымдылық акциясы нәтижесінде мердігерлермен төрт миллион теңгеге материалдық көмек көрсетілді.

Еске сала кетейік, күн көрісі төмен отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек беру мақсатында жылдағы дәстүр бойынша «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілді.

Әлихан Рахметоллаұлы