Павлодарда «Мектепке жол» акциясы аясында 1257 оқушыға көмек көрсетілді

Аз қамтылған отбасыларды қолдау шеңберінде «Мектепке жол» акциясы аясында сегіз млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оның ішінде бес млн. теңге жалпыға міндетті білім беру қорынан бөлінсе,  үш млн. теңге көлеміндегі қаражатты демеушілер ұсынды.  

«Ұлт болашағы» ҚҚ директоры Шынар Баужанованың айтуынша, аталмыш шара қалалық білім беру бөлімімен бірге бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылды.

— Арнайы автобуспен жүріп, көмекке мұқтаж көп балалы отбасылар үшін кәсіпкерлердің қолдауымен кеңсе тауарларын және мектепке қажет заттарды жинаймыз , — деді Шынар Баужанова. – Павлодар қаласында 1870 көп балалы отбасы тұрады. Оның 250-і орташа кедейлік шегінде, 50-і көмекке өте зәру. Аналары бала күтімімен үйде отырғандықтан жұмыс істей алмайды және мүмкіндігі шектеулі екі баладан тәрбиелеп отырғандар бар. Әзірге бес сауда үйі қол ұшын созды.

Қалалық білім беру бөлімінің маманы Сағындық Шакенов республикалық «Мектепке жол» акциясы шеңберінде «Отау», «Барыс» және «Гулливер» сауда үйлерін «Баланы мектепке жинаймыз» жылжымалы автобусымен аралап шыққан.  

— 15 тамызда көмекке мұқтаж отбасыларға жиналған кеңсе таураларын үлестіре бастаймыз, — дейді маман. — Тізім дайын. Бүгінде Павлодарда аз қамтылған отбасыларда 4662 бала тәрбиеленуде. Көмекке мұқтаж жандар тұрғылықты жері бойынша мектепке жүгіне алады. Барлық кәсіпорындар мен мекемелерге хат жібердік. Көмек көрсетуге ниет білдірген жағдайда өзіміз алып кетеміз.

Айта кетерлігі, биылғы жылы аталмыш акция 1 шілдеде басталды. «Артур» СҮ-де «Ауыл балаларына сыйлық» атты шара аясында Кенжекөл, Жетекші, Мойылды, Ленин және Павлодар мектептерінен 700 балаға киім-кешек берілген.

15 тамызда Катаев көшесі, 44 мекенжайы бойынша К.Әбусейітов атындағы МСО-да мектеп киімдері мен кеңсе тауарлары төмен бағамен сатылатын жәрмеңке өтеді. Қайырымдылық шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Аз қамтылған отбасының балаларына кез келген адам көмектесе алады. Ол үшін білім беру бөлімі жанындағы штабқа 32-77-80, 30-14-97 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.

Ақпарат Павлодарньюс.кз сайтынан алынды.

Фото: Индира Лятина