Павлодарда мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық кеңес мүшелеріне арналған форум өтті

Павлодарда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қызметтік әдепті сақтау және мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру жолында қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту» тақырыбында форум өтті. Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аталмыш жиынның мақсат-міндетіне тоқталып өтті.

— Мұндай кездесу кеңес жұмысының қорытындысын шығаруға ғана емес, кейбір күрделі мәселелерді анықтауды көздейді, — дейді Мейрам Бегентаев. — Қоғамдық кеңестер құрылған сәттен абыройлы институт өмірге келді. Бұл — азаматтық қоғам өкілдерінің әртүрлі мәселелерді талқылайтын бірегей алаңы.

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев жемқорлыққа қарсы қызмет нәтижелерімен таныстырды.

— 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексін бұзғаны туралы департаментке тоғыз шағым түскен, — дейді Әділбек Мұқашев. – Мемлекеттік қызметшілер көпшілік алдында сөгістен қорқады, сол себепті де қызметіндегі ашықтықтан қашқақтайды. Сондықтан қоғамдық бақылау шараларын күшейту керек.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы облыстық қоғамдық кеңес қызметін сынап өтті. – Сараптама биыл кеңес қарастырған жалпы 115 мәселенің небары үш отырысы сыбайлас жемқорлық тақырыбына, сегізі мемлекеттік қызмет көрсету саласына, ал әдеп сақтау мәселесіне бір-ақ отырыс арналғанын көрсетіп отыр. Бұл жеткіліксіз. Қоғамдық кеңес бұл мәселеге көбірек көңіл аударған дұрыс, — дейді Әділбек Мұқашев.

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Қабылқақ Қапенов кеңес жұмысын қайта қарауға уәде берді.

— 2019 жылдағы жұмыс жоспарында 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыруға мән беретін боламыз, — деді Қабылқақ Қапенов. 2018 жылы қоғамдық кеңес мүшелері аймақтың автомобиль жолдарының құрылысы, мемлекеттік меншіктегі нысандар жұмысы, шыбын-шіркеймен күрес, баспана құрылысы және басқа да мәселелерге тексеру жүргізді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы