Павлодарда «Мемлекеттік тіл және жастар» телеойыны өтті

Аймақтық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті «Ertis» телеарнасының студиясында «Мемлекеттік тіл және жастар» интеллектуалдық телеойыны өтті. Зияткерлік сайысқа қатысқан облыстың 9-11 сынып оқушылары мен оқытушыларына тіл мен әдебиет, мәдениет, тарих, өнер, қоғамдық ғылымдар саласы бойынша сұрақтар қойылды.

— Байқау «Өрлеу» және «Самғау» деп аталатын екі кезеңнен тұрды, — деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастика жұмыстары бөлімінің бас маманы Әсел Талипова. – Оқушылар әдебиет, тарих салаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, сирек кездесетін мақал-мәтелдерді аяқтау, күрделі сөз тіркестерінің мағынасын ашу қажет болды.

Өткен жылы балалар сайысқа жеке қатысқан болса, биыл команда қрамында білімдерін сынады.  Сондай-ақ, биыл латын графикасына қатысты әртүрлі сауалдар енгізілді. Мұндағы басты мақсат — жастар арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, ана тілін, түп мәдениетіміз бен руханиятты дәріптеу болып табылады.

Телеойын қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен І орынды дарынды ел балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының «Болашақ» тобы жеңіп алды. Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының «Жалын» тобы екінші орынды иеленді. Үшінші орынға дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының «Тіл жанашырлары» тобы лайықты деп танылды.

Әлихан Рахметоллаұлы