Ертіс- Баян өңірінде Наурыз мерекесі тойлануда

Естеріңізде болса керек, былтыр Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін 40 күн бойы тойлау жөнінде шешім шығарған болатын. Содан бері халқымыздың төл мерекесі Наурызды павлодарлықтан мамыр айына дейін тойлап келеді. Осы үрдіс бойынша бүгін Павлодар қаласының орталық алаңында шағын киіз үйлер қалашығы бой көтеріп, ұлық мерекемізді қорытындылауға арналған үлкен мерекелік шара ұйымдастырлды.

Орталық алаңға жиналған жұртшылыққа «Ұлы дала елінің ұлыс күні атты» театрландырылған қойылым және көктем мерекесіне арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Концертке қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Қуандық Рахым, Парвиз Назаров, Диана Шарапова сынды әншілер келіп өнер көрсетуде.

Бүгінгі іс-шара барысында ұйымдастырушылар «Мәңгілік ел» атты киіз үйлердің және «Үздік қазақ ұлттық киім» атты киімдер байқауын ұйымдастыруды жоспарлаған. Бұған қаланың кез-келген тұрғыны қатыса алады. Орталық жағалауда «Бүлдіршіндер әлемі» атты үлкен балалар аймағы ашылып, онда   «Шығыс базары», «Достық шеберханасы», «Бала барысы», «Арқан тарту», «Алтын сақа», «Тоғызқұмалақ» сынды балалар ойыны ұйымдастырылды.  Сонымен қатар, ересектер арасында да түрлі ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар болды.

Мерекеге Лебяжі ауданының тұрғындары биіктігі үш метр болатын сәукеле жасап алып келіпті. Үлкен қолөнер туындысының авторы — Лебяжі аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі Самат Момынжанов.

— Ұлым екеуміз павлодарлықтарға осындай сыйлық жасауды ұйғардық. Сәукеленің биіктігі үш метрді құрайды.  Бас киімді бір апатаның ішінде жасадық. Мақсатымыз – бұрынғы кезде қыз балалар қандай киім кигенін бүгінгі жас ұрпаққа көрсету. Себебі, бұрын мұндай бас киім қазақтың әр шаңырағында болған. Енді жазда болатын «Ұлы дала елі» фестиваліне орай жігіттерге арналған бөрік жасап шығаруды ойластырудамыз, — дейді Самат Момынжанов.

Сонымен қатар, ұзындығы алты метр болатын қамшы көрмеге қойылды. Оның авторы – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері.

Осы күні орталық алаңда бой көтерген 70-тен астам  кигіз үйде бір тоннадан астам наурыз көже таратылды. Облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірмановтың айтуынша, сегіз ауылда қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы және тұрмыс-тіршілігін көрсететін көріністер қойылып, көрмелер ұйымдастырылды.


— Қалған 62 киіз үйдің әрқайсысында 500 адамға палау мен бауырсақ ұсынылды. Сонымен қатар, көшеге ұлттық киіммен шыққан павлодарлықтар да назардан тыс қалмады. Ең үздік ұлттық киім киген 20-дан астам қонақ ынталандыру сыйлығына ие болса, «Жадо» сән үйі осы аталым бойынша күмістен жасалған алқа мен қамзолды бас жүлдеге ұсынды, — дейді Асылбек Мейірманов.

Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы