Павлодарда несиелік серіктестіктердің ІІ республикалық форумы басталды
«Агронесиелік корпорация» акционерлік қоғамы ұйымдастырған форумға еліміздің, Ресей мен Польшаның несиелік серіктестіктерінің өкілдері қатысты. Олардың ішінде Павлодар облысының 12 несиелік серіктестігінің өкілдері де болды.
— 14 жыл бұрын несие серіктестігін ашқан кезде біздің несиелік қорымыз 60 миллион теңгені ғана құрайтын еді, — деді Успен ауданындағы «Ажболат» несие серіктестігінің басшысы Қадыл Наукенов. – Қазіргі кезде бұл сома 1 миллиард теңгеге дейін өсті. Біз фермерлерге несиені түрлі бағыттарда, яғни, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудан бастап баламалы энергия көздерін сатып алу үшін де береміз.
Аймақ басшысының орынбасары Дәурен Мақажанов несие серіктестіктерінің ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы ролі аса зор екендігін атап өтті. Мұның басты себептерінің бірі екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп кешен субъектілерін қаржыландыруға деген ынтасының төмендігінде жатыр.
— Несие серіктестіктері арқылы өз кәсібін дамытуға қаражат алу жүйесі өзін қол жетімді әрі сенімді механизм ретінде көрсетті, — деді Дәурен Мақажанов. – Қазіргі таңда осы жүйе бойынша берілген несиелердің ішіндегі қайтарылмаған қарыздардың үлесі 4% ғана, бұл көрсеткіш банк секторына қарағанда үш есе төмен. Егер, өткен жылы облыстың несие серіктестіктері 240 несие берген болса, биылғы жартыжылдықтың өзінде 360 несие берілген. Бұл да шектік көрсеткіш емес. Дұрыс көңіл бөлген жағдайда өңірдің несиелік серіктестіктері ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті қаржыландыратын негізгі қаржы институттарына айналады деп сенеміз.
Форумның аясында несиелік серіктестіктердің қызметкерлері үшін аранйы тренингтер мен сессиялар өтеді. Сонымен бірге, Ресей мен Польшадан келген мамандар қазақстандық әріптестерімен несиелік корпорациялардың халықаралық тәжірибесімен бөліседі.
Әлихан Рахметоллаұлы