Павлодарда «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының тұңғыш аймақтық форумы басталды
Еліміздің төрт облысынан келген 250-ге тарта делегаттар «Нұр Отан» партиясы БПҰ тұңғыш Форумында бас қосты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Болат Бақауов делегаттарды форумның басталуымен құттықтап, олардың жұмысына сәттілік тіледі.
– Партияның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда бастауыш партия ұйымдарына ерекше мән беріп отыр. Елдегі модернизациялық үдерістер жүріп жатқан жағдайда партияның алдына зор міндеттер қойылып отыр. Осы орайда БПҰ-ың қызметі ерекше маңызға ие. Өйткені, сіздер қарапайым тұрғындарға етене жақын құрылымдарда жұмыс істейсіздер. Бастауыш ұйымдар арқылы идеологиялық жұмыстың негізгі бөлігі жүргізілетінін де ұмытпаған лазым, — деді Болат Бақауов.
Қазіргі кезде Павлодар облысында партияның 415 бастауыш ұйымына біріккен 65 мың «Нұр Отан» мүшесі бар. Пилоттық партиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Айталық, «Богатырь Көмір» қолдауымен Екібастұзда ІТ-сынып ашылса, «Santehplast» ұйымы Павлодардағы коворкинг-орталықтың ашылуына жәрдемдесті.
Өз кезегінде аймаққа жұмыс сапарымен келген партия хатшысы Тамара Дүйсенова Нұрсұлтан Назарбаевтың партиялықтар алдына қойған міндеттерін санамалап өтті.
— Елбасы қойған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға жағдай жасау форумның басты мақсаты болып табылады. Оның жұмысы бірнеше секцияға бөлінген. Форум барысында партиялық кадрлық резервті қалыптастыру, спикерлермен жұмыс және партиялық білім беру секілді маңызды мәселелерді талқылаймыз, — деді Тамара Дүйсенова.
Делегаттардың сөзіне сенсек, БПҰ жұмысындағы басты мәселе кадрлар жетіспеушілігі болып табылады. — Біздің ұйымымызда 1200 партия мүшесі тіркелген. Бізде толыққанды жұмысты жүргізіп, партиялық жобаларды жүзеге асыруға, іс-шараларды өткізуге қажетті штат жоқ. Сол үшін аймақтық филиалдардан БПҰ-ларға кадрлар берілсе деген ұсыныс жолдаймыз, — деді Өскемен қаласының №1 сайлау округі бойынша БПҰ төрағасы Амантай Бақыт.
«Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының тұңғыш аймақтық форумы ертең де жалғасады. Оған Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысынан жалпы саны 250 делегат қатысуда. Форумның қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясының негізіне айналады. Оның тұсаукесері қараша айында Астанада өтетін республикалық БПҰ форумында өтеді.
Әлихан Рахметоллаұлы