Павлодарда облыстық сәндік-қолданбалы өлкетану көрмесі өтті

М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Шеберлер қаласы: ата-бабаларымыздың мұрасын сақтаймыз және көбейтеміз» атты сәндік-қолданбалы өлкетану шығармашылық көрмесінің облыстық кезеңі өтті. Оған өңірдің қалалары мен аудандарынан 17 білім беру мекемелерінің 123 тәрбиеленушісі қатысты.

Қатысушылар 6 номинация бойынша 133 жұмыс ұсынды. Оның ішінде табиғи материалдан жасалған бұйымдар, тұрмыс үшін креативті заттар, ұлттық бояуы бар интерьер дизайны, матаны пайдаланып жасалған бұйымдар бар.

— Көрме қорытындысы бойынша «Шеберлер қаласы» сайысында Павлодар қаласы балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушісі Дарья Быченко І орынға ие болды, — дейді қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханова. — Ол байқауға илеу техникасында «Синичка» жұмысын ұсынды, жетекшісі — Светлана Евгеньевна Рейн. II орынды № 1 ЖОМ 7 сынып оқушысы Ниязбек Бұланбаев иеленді. Ол көрмеге қазақтың ұлттық тұрмыстық заттары мен әшекейлерін — қамшы, шоқпар, шөміш, қымызға арналған тегеш, ағаштан, металдан, былғарыдан жасалған күміс белбеу ұсынды, жетекшісі — Махмет Қайнарбек Ерназарұлы, технология пәнінің мұғалімі.

Облыстық кезеңнің жеңімпаздары Шымкент қаласында өтетін «Шеберлер қаласы» жобасының республикалық турында Ертіс өңірінің намысын қорғайды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы