Павлодарда өткен Мәшһүр Жүсіп оқуларында ұлы ойшылдың шөпшегі жеңімпаз атанды

«Колос» балалар мәдени-сауық орталығында Мәшһүр Жүсіп оқуларының жеңімпаздары анықталды. Байқауға іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, конкурстың ақтық кезеңіне жолдама алған 20 адам қатысты. Олардың ішінде мектеп оқушылары мен мұғалімдер, студенттер, өндіріс орындарының жұмыскерлері бар.

– Биылғы жылы 40-қа тарта өтініш түсті, — дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманов. — Іріктеу турын өткізіп, 20 адамды финалдық турға шығардық. Қатысушылардың дайындықтары жаман емес. Балаларға жеңіл болсын деген оймен Мәшһүр Жүсіптің тілге жеңіл, құлаққа жағымды жырларын таңдадық.

Конкурс барысында үміткерлер Мәшһүр Жүсіптің өмірбаянын қамтитын викториналық сұрақтарға жауап беріп, діни-философиялық әңгімелерін мәнерлеп оқыды және қолға түскен кез келген өлеңін жатқа айтты.

Қаламыздағы техникалық сервис колледжінің 2-курс студенті Бергентай Әділмұрат бұл конкурсқа екінші рет қатысқанын айтады.

– Бұл шараға ұлы ойшыл, философтың бес өлеңін жаттап келдім. Мәшһүр Жүсіптің өлеңдері имандылыққа, әдептілікке шақырады. Сондықтан бұл өлеңдерді барлық адам жатқа білуі тиіс, — дейді ол.

Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөпшегі ПМПУ оқытушысы Зере Қуандыққа берілді. Екінші орын «Қазақстан Алюминийі» АҚ экономисті Серікболсын Дарим ұтып алса, үшінші орын Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті Аида Бекмырзаға бұйырды. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы